Ақмола облысында бірнеше баланың ата-анасы перзенттері мүлдем соқыр болып қала ма деп алаңдаулы. Олар балалар арасында өте сирек кездесетін ревматоид артриті ауруына шалдыққан. Бұл дерттен айығу үшін айына 500 мың теңге тұратын «Хумира» препаратын қолдану қажет. Яғни бір науқас жылына осы дәріге 5миллион теңге жұмсауы тиіс. Бірақ ондай қаражат ата-аналарда жоқ. Бұған дейін препарат тегін медициналық дәрілер қатарында жоқ болса да, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп келген. Ал биыл облыстық мәслихат ұсынысты қабылдамай тастаған.
Тұрғындар немістің«Хумира» препаратынсыз балаларының қандай күйге түсетінін ойлап жандарын қоярға жер таппай жүр. 11 жасар Диманың анасы – көкшетаулық Наталья Бричикова да солардың бірі. Баласы осыдан 5 жыл бұрын артрит ауруы асқынып, осы дертке шалдыққан. Содан бері осы бұл аурумен күресіп-ақ келеді. 4 жыл бойы баланы үйде оқытқан. Қазір бір көзі онсыз да нашар көреді екен. Мына қолындағы екі ампуланы орталық емхана былтырдан қалған деп беріпті.
Наталья Бричикова, мүгедек баланың анасы:
-Осы түйткіл жаңа жылда басталды. Мынау екі ампула екі аптаға жетеді. Сосын не істейміз?Аз уақытта мүлдем соқыр болып қалуы мүмкін. Дәрігерлер бұрыннан бергі ем-домның бәрі далаға кетуі мүмкін деген.Шарасыз күйдеміз. Ондай ақша жоқ бізде.
Ақмола облысында көздегі қан тамырларының қабынуы дертіне шалдыққан балалар саны – 8.Олардың ата-аналарының перзентінің сырқатына шипа іздеп бармаған жеріміз жоқ. Балалар есейген кезде көз жанарына ота жасауға болады екен. Бірақ соған дейін осы препарат ауадай қажет.
Райса Чуриева, мүгедек баланың анасы:
-Қызым 6 жылдан бері ауырады. Алматыға, Ресейге апардым. Германия мамандары қарады. Ем жоқ. Бұл ауруды емдеуге барлық облыста дәрі-дәрмек тегін екен. Неге бізде биыл проблема. Ал бізде неге бұл қиын болып тұр? Әкімдікке де жаздық. Көмек жоқ. Бізге тамыздың екісіне препаратты қолдануымыз керек. Ал ол бізде жоқ.
Көз ауруына әкелген ревматоидті артридтен балалардың сүйектері қисая бастаған. Ата-аналар мүгедек арбасына таңыла ма деп шошиды. Бірақ бағасы удай қымбат дәріге биыл бюджетте ақша жоқ деген екен.
Бибігүл Иманқұлова, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары :
-Балалар амбулаториялық ем қабылдап, осы препаратты алуы керек. Бірақ бұл «Хумира» мемлекеттен тегін берілетін дәрілер тізіміне енбеген. Облыстық мәслихатқа екі рет ұсыныс енгіздік. Бірақ кері қайтарды. Ақша бөлінбейді деді. Неге екенін айтпады.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар ендігі үміт – алдағы жылы болатын тегін медициналық сақтандыруда деп отыр. Сонда «Хумира» тегін дәрілер тізіміне еніп қалуы мүмкін.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
31.07.2017
https://www.ktk.kz/kz/news/video/2017/07/31/80081