Көкшетауда көпқабатты үйлердің тұрғындары наразылық білдірді. Баспаналарын 5 жыл бұрын модернизация бағдарламасы бойынша жөндеуге қаржы бөлген «Есіл» корпорациясы енді ақшасын талап етіп жатыр екен. Ал 3 үйді жөндеуге 38 миллион теңге кеткен. Қазір тұрғындардың есеп-шоттары бұғатталып, сол қарыз өндіріле бастады. Жұрт болса, жөндеуге бөлінген ақшаны қайтарамыз деген құжатқа қол қойған жоқпыз деп шыр-пыр.
Көшеге шыққан мына жұрт үйлеріне жөндеу жүргізілгеніне наразы. Себебі, оған жұмсалған 38 миллион теңгені қайтарғысы жоқ. Айтуларынша, жұмысты бастарда ешкім келісім сұрамаған, шарт та жасалмаған. Сондықтан миллиондаған қарызды 7 жыл бойы төлеуге де үзілді-кесілді қарсы.
Еділ Байғазин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Ешкім қол қойған жоқ. Халықтың сыртынан жалған қол қойып, кондоминиум дегенді шығарып алған. «Алау»деген КСК төрайымы біздің сыртымыздан қол қойған.
Әр отбасының қарызы 500 мың мен 800 мың теңгенің аралығында. Әрбір пәтердің 1 шаршы метріне 107 теңгеден есептеліпті. Бүгінде қаржыны мәжбүрлеп өндіру басталған. Есеп-шоттарын қолдануға тыйым салынып, жалақы мен зейнетақыдан ұстап қалуда. Тұрғындар бұл былықтың бәрін пәтер иелері коперативінен көреді. Ал кооперативтегілер ақталып әлек.
Александра Махамбетова, «Алау» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Менің арым таза. Модернизация деген сөзді естігім де келмеді. 38 миллионды мен жеп қойдым ба? Олар үйлеріне жөндеу жасау үшін өздері әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Енді ақша төлегілері келмейді. Тек жиналып, айғайға баса береді. Өздері қол қойған ғой.
Жалпы, Көкшетауда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша 69 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Қаржы бөлген «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қазір қарызын қайтара алмай әуре.
Тимур Перерва, «Бірыңғай есеп орталығы» ЖШС директоры:
-Барлық құжаттар мен хаттамаларды бізге пәтер иелері кооперативі дайын күйінде әкеледі. Біз тек қаржыландырамыз. Мердігерді де солар таңдайды. Бағдарламаның тәртібі солай. Енді жұмсалған ақшаны олар қайтаруға тиіс. Басында олар шағамданған соң біраз жыл тексеріс болды. Енді сотпен өндіріп жатырмыз.
Тұрғындар пәтер иелері коперативі сыбайластыққа барып, жалған құжат жасаған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Қазір өздері қол қойды деген құжаттағы қолтаңбаларды тексерту үшін сараптамаға жіберіпті. Соның қорытындысы шыққан соң сотқа жүгінбек.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.05.2017
https://www.ktk.kz/kz/news/video/2017/05/05/78156