3 сәуірде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Текелі қаласына Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері келіп, тұрғындармен жүздесті.
Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы теріс-кейге қоныс аударушыларды қолдау бағдарламасы 2017 жылдан жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарлама «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына кіреді. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалында өткен кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов, Аққайың, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарының өкілдері ұлттық жобаға қатысу тетіктері мен мүмкіндіктері және өз аудандарының ахуалы туралы жан-жақты баяндап, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуды мақсат еткен бағдарлама негізінде Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстары және ірі үш қаланың тұрғындарына солтүстікке көшуге болады. Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары секілді қалған 7 өңір қоныс аударушыларды қа-былдайды. Бұған кез келген Қазақстан азаматы және қандастар қатыса алады. Солтүстікке отбасымен көшіп, жұмыс тауып, баспана аламын деушілерге мемлекет жақсы мүмкіндіктер ұсынып отыр.
2024 жылы бұл бағдарламаға 7 мың квота бөлінген. Бағдарламаға қатысу үшін алдымен жергілікті жердегі мансап орталығына барып, өтінім беру керек. Үйден шықпай-ақ, электронды еңбек биржасының ресми сайтын пайдалануға да болады. Мемлекет тарапынан көр-сетілетін қолдауға келсек, көшуге суб-сидиялар отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 258 440 теңге мөлшерінде бір рет беріледі. Сонымен қатар бастапқы уақытта тұрғын үй жалдау үшін бір жылға дейін ай сайын ауыл не қалада тұрақтағаны және отбасы мүшелерінің саны ескеріле отырып тиісті мөлшерде ақша төленеді. Жергілікті жерде жұмысқа орналастыру, оқыту және микрокредит алу бойынша жәрдем беріледі. Тұрғын үй сатып алатындарға экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады, яғни, тұрғын үй құнының 1160 АЕК-тен аспайтын 50 пайыз құнын мемлекет өтейді.
Сенаттағы Үкімет сағатында Мәулен Әшімбаев оңтүстіктегі елді солтүстікке көшіру бағдарламасы күткендей нәтиже бермей тұрғанын мәлімдеген еді. Соңғы кезде солтүстікте халық санының азаю үрдісі байқалады. Мұны Солтүстіктен келген өкілдер де растап отыр. Жұмыс күшінің тапшылығын алға тартқан олар дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметші, есепшіден бөлек, агроном, механизатор, малшыға сұраныс жоғары екенін айтты.
Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Дархан Бейсембин: «Бағдарлама басталғалы ауданымызға 1200 адам көшіп келсе, оның 850-і тұрақтап қалды. Бізде жер кең, егін, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Мектептегі білім сапасы бойынша ауданымыз бірінші орында келеді. Былтыр бір мектепті бітірген 19 бала түгел грантпен оқуға түсті. Спорттан да жетістігіміз жетерлік. Оңтүстіктен келгендер алғашында ауа райына үйренісе алмағанмен, кейін қалыпқа түсіп, сіңісіп кетті», – дейді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Нет комментариев