Еліміздегі он облыста су тасқыны орын алды. Өңірлерде су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жалғасуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке, құзырлы мем-лекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек.
Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды. Сондай-ақ, қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Жиын барысында Қ.Тоқаев елімізде су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударып, Үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 5,3 млн м3 астам еріген су сорылды, 579 мыңнан астам қапшық және 782 мың тонна инертті материал төселді. Азаматтық қорғау қызметтері 16 151 адамды, оның ішінде 6 316 баланы құтқарып, эвакуациялады. 11 779 бас ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерлерге айдалды.
Су тасқыны салдарынан республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 автожол арқылы су жүрді, 18 автожолды су шайды. Су шайған 77 автожол, оның ішінде 4 көпір және 73 жол төсемі, су жүрген 93 автожол бақылауда. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 12 мыңнан астам адам, 2,5 мың техника, 801 су айдау құралы және 105 жүзу құралы, 9 әуе кемесі жұмылдырылды.
Ал Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірде қазіргі кезде су тасқыны қаупі байқалмайды. Су тасқыны жағдайын бақылау мақсатында өңірде 57 гидропост жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қар жамылғысы 15-20%-ды құрайды. Өзендердің өтімділігі және лайлылығы нормаға сәйкес. Өзендер бассейндерінде ылғалдың жиналуы мен қар қоры көпжылдық орташа көрсеткіштер шегінде.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында облыс көлемінде 187 км арық желісі, 149 км каналдар және автожолдарда 2195 су өткізу құбырлары қар мен мұздан тазартылды. Елді мекендерден 17 мың текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқыны ахуалы күрделенген жағдайда қолдану үшін облыс бойынша 95 тонна жанар-жағармай қоры, 2,6 мың тонна инертті материал, 49 мың қап дайындалды, 1056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімі мен 7 жүзу құралдары әзір.
Жетісу облысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек үшін Талдықорған қаласы, Қонаев 47, «Жетісу жастары» орталығы мен «Қаратал» ықшам ауданы 22B «AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен аудандық партия филиалдарының ғимаратында арнайы пункт ашылды. Көмек ретінде жылы киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық, тұрмыстық заттар қабылданады. Әрбір зат сұрыпталып, арнайы жәшікке салынуы тиіс. Қолданылған, ескі заттар және тез бұзылатын азық-түлік қабылданбайды.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Нет комментариев