Әкем барда.
Әкем барда Әміршім әулетімде,
Көретінмін тұлғасын тау ретінде.
Арманыңа кешікпей жету үшін,
Тау тұрғаны жақсы ғой жау бетінде.
Тауым шөгіп, қорғаным құлағаны.
Әкем қайтып, анамның жылағаны.
Әкесіз ұл-шатырсыз үй секілді,
Күн жауса іргемізден су ағады.
Бұйырып келте ғұмыр, келте көктем.
Еркелетер адамым ерте кеткен.
Сол ғой, әке, мені де, анамды да,
Еңбекке ертеректен ентелеткен.
Бес жасым.
Басқа мұң жоқ бір қарыннан.
Бір күні әкеме деп құмды ауылдан,
Тұқылын темекінің жинап келдім.
Не көрдің одан озге ұлдарыңнан?
Ұрғанда шекемізден анам көздеп,
"Тиме, менің ұлдарым шабандоз",-деп,
Үш ұлыңды үш жүздің биі көріп,
Сөйлетіп отырушы ең, соған мәз боп.
Ешкімге қонған емес шынжырлы бақ.
Жағдайым бірде тасып, бір құлдырап,
"Әкесі үйретпепті" деген сөзді,
Естімеуге тырысып жүрмін, бірақ.