(немесе алдыңғы толқын ағалар жайлы үзік сыр)
Мен бала кезімде, он бір жасымда бір өлең жаздым да, өзіме ұнамаған соң қоя қойдым. Кейіннен он тоғыз жасымда бірнеше өлең тудырдым да, «Тұманбайға ұқсап кетіпті» деп тағы да тоқтаттым. «Ән жазсам» деп өлеңдерді көбірек оқи бастадым да, ақыры «жазбауға болмайтын» сәт келді-ау деймін, жиырма жеті жасымда өлең жазуға отырдым. Онда да орысша айтқанда, «для себя» деп, ішке симаған ойларды сыртқа шығарудың амалы ма, деп ойлағам. Бір отырыста бір өлеңімді оқып едім, Сарыарқаның комсомол хатшысы, досым Рахымжанов Нұрлан: -Редакцияға апарсаңшы, сондағылар бағыт-бағдар береді, мынауың жаман емес, - дегенді айтты. Достың қамшылауымен редакцияға бардым. Комсомол хатшысы болған соң, аудан басшыларының кеңселеріне емін-еркін кіріп шығатын жағдайым бар, сол кездегі редактор Аманжол ағамыздың кеңсесінде отырмын.Алдымен өлеңімді дауыстап оқып алды да, қашанғы әзілдей сөйлейтін кейіпке салып:
-Сен осы уақытқа дейін қайда жүргенсің-ей?-деді. Мен оқыған оқуым мен тұрған ауылдарымды айта бастамаймын ба.
-Жоқ!-деп тиып тастады, бақсам өнер саласын меңзеп отырса керек. Мен сол, бала кезден сурет салғанымды, әуесқой сазгерлігім бар екендігімді кібіртіктеп айта беріп едім, ағамыз тікесінен салды:
-Танитын шығарсың, Ерғазы Рахимов деген ағаң бар, осы газеттің әдеби қызметкері. Ол кісі кезекті демалыста, жұмысқа шыққан соң жолық. Мен де айтып қоярмын, - деп сөз аяғын түйіп тастады.
Санаулы күндер өткен соң Ерағаңның түтінге ысталған, күн түспейтін қуықтай бөлмесінде отырмын. Онсыз да қысық көздерін сығырайта бас-аяғыма барлай қарап алды.
- Өлеңдеріңді оқыдым...-деп бір қойды. Үнсіздік. Мен де елп ете түспедім. Бұл үнсіздікті Ерағаң өзі бұзды:
-Апырай, ә!?. Темекім таусылып қалыпты?-деп жанын қармана берді. Мен лып ете түстім. Қанша айтқанмен екі-үш жыл комсомол хатшысы болып «ысқаяқ» билікқор болмасам да, ысылып қалған «комсомолфункционерімін» ғой. Сөздің аяғын тоспай-ақ дүкеннен барып екі пәшкі «Космос» сигаретін алып келдім.
-Апырай, ә! Біреу алсаң да жарар еді, екеуін алыпсың ғой?-деп ризашылығын білдіріп жатыр, Ерағаң.
-Біреуге бересіз,-дей салдым.
Осылай отырғанда бөлмеге Ғабиден Құлахметов кірді.Ұзын бойлы мезгілсіз ағарса да, желкесіне жал түсіре өсіріп жіберген әппақ шашы өзіне жарасымды маңғаз қалпында келіп Ерағаңмен амандасты. Екеуі амандасып болған соң, Ерағаң:
-Мынау Алдаш деген ақын жігітіміз,-деп қойды. да:
-Мына бауырыма темекі әкел десем, екеуін бір-ақ әкеліпті, «қуыс үйден құр шықпа деген», деп темекінің біреуін Ғабиденге ұсына берді. Ғабиден жылы ишарат білдірді де, «Семей таңы» газетіне шыққан «Бейімбеттің қаламы» деген поэмасынан үзіндісін оқи жөнелді.Үні жігерлі, дауыс ырғағы біркелкі. Анда – санда тыңдап отыр ма дегендей бізге көз қиығын салып қояды. Ерағаң қыран көзін бөлменің жоғарғы жағындағы бір нүктеге қадап алып, үнсіз қалыпты. Анда-санда темекісін құшырлана сорып-сорып қояды. Үзінді оқылып болған қазіргі «деген екен» деп жүрген жанрдағы ақын-жазушылардың айтқандарын әңгімелеген екеуінің гәбін тыңдап, бір ләззат алдым.
Осы жолы ақын деп Ерағаңның бір көтеріп тастағаны, жігер беріп, өлең жазуға құлшыныс әкелді.
Қасымда ақын, Ақшатау ауылының кәсіподақ төрағасы Айтмұхамет Жұмағұлов бар, екеуміз сол кісінің сөзіне жазылған менің «Қыз сыры» деген әнімді Тұрсынғазы Сығаевқа нотаға түсірткен едік, енді бір рахмет айтсақ деген ниетіміз бар екенін білдіріп едік, Ерағаң:
-Бір сағаттан соң, Мәдениет үйінің үшінші қабатында «Сығаевтың кабинеті» деген бар, сонда барып бір-екі сағат қарта ойнап қайтайық,-деді.Тұрсынғазы Сығаев қызылаш арық адам еді, үшінші қабатқа шығарда сәл ентіккенін байқап:
-Аға неге сізге «шыр бітпейді» десем, осы басқышпен күнделікті көтеріліп жиған-тергеніңізді «жағып» жібереді екенсіз ғой?-деп бір шағып алдым. Түкең риясыз қарқылдап күліп менің арқамнан қағып қойды.
Отырыстың соңына қарай Ерғазы Мәдениет бөліміне қоңырау шалып, автоклуб машинесін шақыртты. Ондағы ойы Айтағаң екеумізді Ақшатауға жеткізіп салу. Автобусқа отырған соң, Ерағаң:
«Табиғат-ана, жер-бесік
Адамзат оның сәбиі.
Табиғат-ана, хал нешік
Бүгінде қалай жай-күйің,
Өзгеріп барады әлдиің?»-деген менің бір шумақ өлеңімді жатқа оқыды. Оқыды да, сол кездегі үлкен екі ақын ағаларымыздың аты-жөнін айтып, солардың деңгейіндегі ақын боласың-деді.
Осылай Ерағаң мені тағы бір көтеріп тастады. «Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дер», - деген сөз, осындайда айтылса керек.Мен араласқан өнер адамдарының ішінде Ерағаңның да, Тұрсынғазы Сығаевтың да «іштарлық» деген дерттен ада жандар екеніне тәнті болдым. Одан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Өнерге кейінгі буын жастар келді. Кей кезде, солардың танауының астынан арыдағыны көрмей, біреудің бойындағы өнерге қызғанышпен қарап, сол адамды шамасы келсе басып-жаншығысы келіп, болмаса Белинскийше «Сынның ең үлкені- үнсіз қалу» дегенге салып елемей жататындарын көргенде(өз басынан сан өтті) қарыным ашып қалады. Шынында да хас талант жомарт болмақ деген рас сөз екен.
«Ерағаңның үш ақылы»:
Ерағаң маған үш ақыл айтыпты.
Біріншісі:«биліктен аулақ бол, комсомол хатшысы екенсің, ертең мансапқа ие болсаң адамдардың тағдырына кереғар шешімдер қабылдауға тура келеді, ол ақын адамға жарамайды,-деп еді
«Журналистикаға келуге асықпа, өзінің табиғи тілің бар екен, газеттің қасаң тілімен жазам деп жүріп тіліңді жоғалтып аласың,-деген-ді, бұл екінші ақылы.
«Жариялануға асықпа, өзіңнің сағатың соғады, әлі»...-деп әжім торлаған жүзі қуақылана жымиған қалпы, темекінің түтініне ысталған сап-сары сойдақ тістерін ақсита күліп тұрып сынай қарады. Менің жауабымды тосқаны. Ал мен тағы да үнсіз қалдым.Үнсіз қалғаным келіскенім еді.Бұл Ерағаңның үшінші ақылы болатын.Ақын болсам деген қыз-жігіттерге мен осы Ерағаңның үш ақылын айтар едім және айтып келемін.
Ол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бейбіт Махтаевқа барып, комсомолдың жұмысынан кететінімді хабарладым.Ол абдырып қалды:
-Біз сені жоқ дегенде кәсіподақ комитетінің төрағасы дәрежесіндегі мансап иесі қылып шығаруымыз керек!-деп алды да, әліптің аяғын тосқан болып үнсіз отырып қалды.Оның ішкі ойын оқып қойған мен, бастырмалата:
-Дайындап қойған қызметім жоқ. Ақын болам!-дедім. Ол жымиып күліп алды да:
- Ақын деген профессия жоқ қой?..-деді. Ендігі ақыл айта бергенімен сөзінің далаға кетерін білді ме, азырақ ойланып отырған күйі:
-Келер жылы, бастауыш комсомол ұйымдарында есеп беру-сайлау жылы, жиналысыңды өткізіп, разы-қош деп шығарып саламыз,-деді.
Сөз осымен бітті.Келер жылы белгіленген мерзімде «Ақшатау» бастауыш комсомол ұйымында есеп беру –сайлау жиналысы болды да, мен қызметімді өткізіп бердім.Айтағаң екеуміз келіп, Ерағаңды «Рахат» ресторанына барып, менің мансаптан кеткенімді «жудық».
Биліктен қашқанның жөні осы екен дедім бе, қайтадан сол ауылдың автомеханигі қызметіне кірістім. Горбачевтің «перестойкасында» «ашық сайрап» қойған болуым керек, тісін басып жүргендер де бар екен, мен қызмет еткен жеті ай көлеміндегі уақытта, сол қызметті бұйрық жазып екі рет қысқартып, екі рет қалпына келтірді.Соңынан кеңшар басшылары бір шешімге келіп, Мәдениет үйінің директорлығына ауыстым.Бұл маған өнер адамы ретінде берілген зор мүмкіндік болды.Тапжылмай отырып он шақты жыл сүйікті ісіммен айналыстым. Бір күні, есімді жиып жан-жағыма қарасам, билік құлаған «хан талапай», «өліара» сәт.Бір-құлап бір тұрып, сол Ерағаңның айтқан ақылын бағыт- бағдарға алып әдебиет әлемінде, елу жетіге келгенше ресми танылмаған ақын болсам да,ағамыз айтқандай «сағатымның соғарына» сенемін.
Сіздерге деген ізгі ниетпен:
Алдаберген Рахметоллаұлы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев