1бөлім
( болған оқиға)
Әкем мен шешем ажырасқанда мен не бәрі үш жаста болатынмын.Сот залында отырмыз.Біз үшін бәрі шешім қабылдап, кім кіммен қалатынын сұраған да жоқ. Ағам мен құндақтағы сіңілім үшеуміз көзіміз жәутеңдеп отырмыз.Екі жақ өзара айқайласып жатыр.Бізге пысқырып та қарар емес.Сонымен мен ағаммен әкемде, құндақтағы сіңілім анаммен қалатын болды. Бірақ менің анаммен қалғым келетінін ешкім сұраған да жоқ,мен де айқайдан қорыққанымнан ештеңе айтпадым.
Сонымен біз әкеммен тұрып жаттық.Әжеміз әкемнің інісімен сол ауылда бөлек тұратын. Әкем бізді күнде бала бақшаға алып келіп,кешке алып кететін. Бір күні артымыздан ешкім келмеді.Кеш болды. Ағам екеуміз ғана көзіміз жәутеңдеп далада отырмыз.Қас қарайғанда сол жерде қарауыл орыс апа болатын.Сол апаның қызы Тамара біздің тәрбиешіміз.Орыс апа бізді үйіне алып кетті. Тамара апайымыз қазақша таза сөйлейді.Бізге тәтті бәліштер беріп,шомылдырып, аппақ төсекке жатқызып ертегі оқып берді.Сол кезде Тамара апайымнан маманың иісі шығып тұрғандай. Өзі сондай сұлу, мейірімді,жуылған шашымды тарап бергенде,«Шіркін,Тамара апай менің мамам болып кетсе ғой!»деп армандағаным әлі есімде. Анамызды көрмегелі бірнеше ай болып, түрін де ұмытып қалғанбыз. Әкеммен тұрғанымызбен,бәрібір ананың жылы алақанына жетпейді ғой.
Солай Тамара апайымның үйінен бала бақшаға барып келіп жүрдік.Тіпті өз үйімізге барғымыз келмей,сол апайдың үйінде қалғымыз келетін.Өйткені ол үй жылы, тамағы да тәтті, күнде шомылдырып шашымды тарап бергені ұнайтын.
Бір күні әжем мен әкемнің інісі келіп бізді алып кететін болды.
—Әкелерің алысқа жұмысқа кеткен! Екі үш күнде келіп қалады! Оған дейін бізбен тұрасыңдар!- деп біздің қарсылығымызға қарамай алып кетті. Мен апайымды қимадым.Артымнан қарап тұрғанын көріп,қолымды созсам да ол мені алып қалмады.Тек көз жасын сүртумен болды.
Әжемнің үйінде жүріп, бала бақшаны ұмыттық. Ол жерге қайта бармадық.Бір күні әкем келді. Әжеммен өз інісіне айқайлап ұрсысып жатыр.Сондағы түсінгенім, әкем бізді Тамара апайға уақытша тапсырып кеткен екен. Әжеме неге алып кеткенін сұрап бақырып жатыр. Әжем бізді бермейтінін айтып әлек. Ес білгелі айқай шуды естумен келдік. Бізді ештеңе түсінбейді деп ойлайды.Бірақ біз бәрін түсінетін едік.Ағам екеуміз ұрыс басталғаннан бұрышта құшақтасып тығылып отыратынбыз. Бізді «зат» құсатып ары бері тартқылағанынан шаршадық.Ешкім біздің пікірімізді сұрамайды. Әкем бізді ары тартып,бері тартып, соңында екеумізді де алып кетті.
Үйге барсақ бір әйел жүр екен.
—Мынау сендердің аналарың болады! Есімі Дариға! Енді сендерде «мама» бар! Бар мамаңды құшақта!- деп әкем түк болмағандай күліп тұр. Менің бар ойым әжемде. Жүрегім алай дүлей. Жаңа мамаға қуанып та тұрған жоқпын.
Өгей шешеміздің артынан бір қыз бір ұл еріп келген болатын. Сонымен әкем күнде жұмысқа кетеді, ал біздің өміріміз қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайтын. Үйде үйрек қаздар бар. Өгей шешеміз бізді таң атпай тұрғызып, сол қаздарды баққызатын. Үйге кіргізбейтін. Өздері көлеңкеде отырып, бізге күннің астында тірлік істететін. Кейде бауда ағам екеуміз ойнап жүріп, сол жерде ұйықтап қалатынбыз. Кешкі тамаққа бір үзім нан мен жарты тостақ тамақ беріп қояды. Оған біз тоймай тағы нан сұрасақ «жалмауыздар» деп ұрсып беретін еді.
Бір күні өгей шешеміз бізге
—Әжелеріңді сағындыңдар ма? Барасыңдар ма?- деп сұрағанда қуанып кеттік. Әжемізбен бір ауылда тұрғанымен арасы әжептеуір алыста болатын. Арасында екі тау(төбе) бар. Сонымен өгей шешеміз бізді «өздерің бара беріңдер» деп таң атпай шығарып жіберді. Біз жаяулатып, ағам екеуміз жолда ойнап, гүл теріп, кешке дейін жүріп қалдық. Қарнымыз ашқан соң ғана тездетіп әжемнің үйіне жеттік. Әжем бізді көріп, жылап, құшақтап жатыр. Сонда біздің үсті басымыз кір, шашымыз жалбырап, азып тозып барғанымызды көріп жылаған екен ғой. Әкемнің інісі,
—Шешемді сендер ақ өлтіретін болдыңдар! Неменеге келесіңдер! Өткенде тағы ауыртып кеттіңдер!- деп ұрсып жатыр. Әжем біздің сөзімізді сөйлеп әлек.
Сонымен кешке әкем жұмыстан келгенде өгей шешем жылап,
—Інің мен шешең келіп мені жұлып, қызың мен балаңды алып кетті!- деген ғой. Әкем әжемнің үйіне жұлқынып келе жатқанын көріп біз қорыққанымыздан қораның ішіне тығылып қалдық.
—Балдарым қайда!? Неге сіз маған тыныштық бермейсіз!? Менің әйелімді неге ұрасыз!? Менің балдарымда не ақыңыз бар!?- деп әжеме айқайлап жатыр.
—Сенің қатыныңда менің шаруам жоқ! Бәлеңді жаппа! Балдарыңды мен қайдан білейін!? Қарауылмын ба!?- дегені сол, әкем үйге қарай жүгіріп кіріп бізді іздеп жүр. Біз қорқып құшақтасып қатып қалғанбыз. Әжемнің қой дегеніне қарамай барлық жерді іздеп бізді тауып алды. Екеумізді сүйреп шығарды. Ағам
—Бармаймын! Өлтірсең де ол үйге бармаймын!«Анау» бізге тамақ бермейді! Сен ештеңе білмейсің! Бізді күннің астында жұмыс істетеді!- деп ағам тістеніп алған. Әкем күректі ала салып ағамды сабап жатыр. Әжем әкемнің қолына жармасып еді, итеріп жіберді. Әжем құлап ойбайлап жатыр. Ағам да жерде жатып ойбайлап жылап жатыр. Мен мына жақта жылап тұрмын. Ол кезде әкемнің інісі Талғат аға аңшылыққа кеткен. Әкем мені көтеріп алып үйге қарай алшақтап басып барады. Мен тағы да ағама қолымды созып, жүрегімнің жартысы қалып бара жатқандай жылап ұзай бердім....
Содан бәріміз жан жаққа тарап кеттік. Ағам бір жақта, анам мен сіңілім қайда екенін де білмеймін. Мен мына жақта жападан жалғыз өмір сүре бердім. Әкем мені алып кеткен күні Талғат ағам үйіне келген. Әжем мен ағамды көршілер ауруханаға апарып жатқызыпты. Әжемнің қолы сынған, ағамның белі сынып кетіпті. Талғат ағам әкеме келіп, екеуі әбден төбелесті. Айқай шуға менің етім әбден үйреніп қалғандаймын. Тіпті қорқып та тұрған жоқпын. Сонымен әкемді Талғат ағам сотқа беріпті. Сот ұзаққа созылып, соңында ағам әжемнің үйінде қалатын болды. Тіпті екеумізді екі бөлек мектепке берді. Ол кезде мен бірінші сынып, ағам үшінші сыныпқа бардық.
Сол аралықта өгей шешем бірінен соң бірін екі қызды дүниеге әкелді. Бірақ қыздарына мені жолатпайтын. Қанша дегенімен бауырым ғой. Құшақтап сүйгім келетін.
Бір күні үйге кірсем бесіктегі бөпе құсып жатыр екен, мен аузын сүртіп иіскеп жатқаным сол, шешесі кіріп келіп,
—Ойбай, менің қызымды тұншықтырып жатыр! Жоғал! Жолама менің қызыма!- деп айқайлап жатыр ғой. Даладан әкем келіп мені итеріп үйден шығарып жіберді. Мен бауға барып жылап отырып ұйықтап қалдым. Бір кезде анам келіп бетімнен сипап, үстімді көрпемен жауып, маңдайымнан сүйе бергені сол оянып кеттім. Үйдегі итіміз Таймас бетімнен жалап жатыр екен. Тұрып үйге кірсем, бәрі ұйықтап жатыр, мені іздеген адам жоқ. Тапшанның шетіне барып жата салдым.
Мен ерте есейдім. Ес білгелі айқай шу естумен келемін. Менің кішкентай кезегі анамның әперген ойыншықтарын өгей шешем көзімше өртеп жіберді. Сол ойыншықтармен қоса менің бақытты балалық шағымды да өртегендей болды. Енді анамнан ешқандай естелік қалмады. Тіпті альбомдағы анашымның суреттерін де менің көзімше өртеп жіберген...
(жалғасы бар)
Автор: Надира Тулеева
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Нет комментариев