Қазақтың «Алладан қайтады» дейтін бір әдемі сөзі бар. «Алладан қайтады!» Біздің бүкіл болмысымыз осы екі-ақ ауыз сөзге сыйып кеткендей көрінеді кейде. Неге? Себебі, қазақ ешқашан көршісі аш отырып, өзі тоя тамақ жемейді. Себебі, қазақ ешқашан біреу жәрдем сұраса, оған көз жұмып қарамайды. Қазақ ешқашан біреудің нанын тартып алып, олардың көз жасына қалмайды. Қазақ ешқашан алақан жайып, қайыр сұрап отырған жандарды айналып өтпейді. Жоқ дегенде оларға жаны ашып, ішінен дұға жасап өтеді. Себебі, бұл – біздің қанға сіңіп қалған адамдық қасиетіміз. Бұл біздің ғана емес, Адам атадан (а.с) тараған бүкіл адамзат баласының болмысында бар нәрсе.
Жақсылық жасауға бағыт алған адам, ең әуелі: «Мен бұл амалымды тек қана бір Алланың разылығына арнаймын» деп ниет еткені абзал. Себебі, ізгі амал 100 пайыз Аллаға арналғанда ғана иесіне Ақыретте орасан зор пайда алып келеді. Себебі, адам тез ұмытады, ал, Алла шаңның тозаңындай жақсылығыңды ұмытпайды. Адам жақсылығыңды қайтара алмауы мүмкін, ал, Алла еселеп қайтарады. Сондай-ақ, адамға жағу мүмкін емес. Адам кейде, жақсылығыңның өзін дұрыс түсінбей, өзіңді ренжітуі мүмкін. Сондықтан, титтей жақсылық болса да оны бір Алла үшін жасаңыз. Сонда есепсіз игілікке бөленесіз. Жақсылықты есеппен жасама. Рахмет күтпе. Жақсылығыңды міндет етпе. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық қылсақ та, сөзсіз, ол өзімізге қайтады! Ол ‒ Алланың Уәдесі. Алла Тағала: «Әрі жақсылықты ‒ көп болып қайтуы үшін жасама», ‒ деп бұйырады. («Муддәссир» сүресі, 6-аят) Яғни, адамдарға өзің ұсынған дін және дүние игіліктері үшін, оларға міндет қылма. Керісінше, сен адамдарға мүмкіндігің жеткенше жақсылық жаса және оларға жасаған жақсылығыңды ұмыт. Істегендерің үшін қайтарым сыйды, тек аса ұлы Алладан тіле. А.Саъди
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 18