Кейбір сарапшылардың есебі бойынша 1913 жыл мен 1924 жылдар арасында 3, тіпті 4 миллион түрік Анадолыда түрлі соғыстар мен соғыс зардабынан қаза болған екен.
Сол бір жылдары күллі дүние түріктерге қарсы соғыс ашқандай болды.
Стамбұлды ағылшындар билеп отырды. Осман сұлтаны ағылшындардың құлақкесті құлына айналды. Ағылшын отыр десе отырды, тұр десе тұрды.
Ағылшындар Стамбұлда көшеде ұстаған түріктерін сотсыз сұраусыз ата беріпті.
Елдің күнгей өңірі француздармен итальян басқыншыларының қолына өтті.
О кезде тіпті түріктер күні кешеге шейін өз бауырымыз деп келген араптарға шейін бас көтеріп араптар Мессопотамияда түрік әскерилерін қыра бастады.
Алпауыттар Осман мұрасын бөліске салды. Ел аймақтарын бөліп алды.
Гректер де олардың қолдауымен Батыс Анадолыға кіріп қырғын салды. Гректер осы соғыста жүз мыңдаған түріктерді қырып жіберген екен. Түріктің бейбіт хвлқы да, әскериі де мылтыққа ілінді.
Балқаннан Ішкі Анадолыға бас сауғалап қашқан қаншама түріктер жолда қырғынға ұшырады, қаншасы аман жетті, оның да бертінге шейін нақты есебі жоқ.
Тап осы кезде Шығыстан Әрмен ұлтшылдары Шығыс Анадолыны Түріктерден бөліп алмақ боп түрікке соғыс ашып елге басып кіреді.
Олар да жолында кездескен түріктерді сотсыз сұраусыз қыра берген екен.
Теріскей Батыста Серб пен Болгарлар Османнан көз алмай анталап отырды.
Олар да қырылып қалған түрік халқының жерлерінен өз несібелерін алуға дәмелі еді.
Грузиндер де өзінше жұтынып отырды.
Анадолыда қан судай ақты.
Білетін адамдар со кезде
— түріктер бұл соғыстан аман шықпайды, деп күбірледі.
— түрік деген халық жер бетінен жойылып кеткен әлгі жоңғар деген халықтың қатарына қосылады, бұлар да жойылады деді тағы біреулер.
— түріктің заманы бітті, дәурені таусылды, бұлар осы жолы түгел қырылады, я бұлардың аман қалған азын - аулағы Орта Азияға босып сол жақтағы бауырларының қатарына қосылып жан сақтауы мүмкін
деген жорамал түзді тағы бір білгіштер.
Басқыншылар сұраусыз қыра берді, түріктің өз елінде қара бақыр құны болмады.
Ел аш - жалаңаш, ішерге ас жоқ, тіске басар түк қалмады. Жау желкеде төніп отыр.
Осман империясының 13 миллион халқы бопты, соның 9 - 10 ғана түрік екен.
Вольтер "бір халықты құтқаруға бір дана адам жеткілікті" депті. Ол рас екен.
Құдай түріктің бағына орай оларға тап осы кезде Кемел Ататүрікті бағыттапты.
Кейбір сарапшылар "егер сол тұста тарих сахнасына Ататүрік шықпағанда қазір түрік деген халық болмаушы еді" дейді.
Кемел Ататүрік — Бірінші Дүниежүзілік соғыстағы әскери гений, ол кейін өзінің тек әскери салада ғана емес геосаясатта да басқа да салаларда кемеңгер екенін көрсетті.
Оның бағына орай түрік халқы да тап сол кезеңдегі тауқыметте оны, яғни өз лидерін бір адамдай қолдады.
Кемел Ататүрік — Бірінші Дүниежүзілік соғыста қаруымен де, әскерінің сапасымен де өзін он орап алатын ағылшындармен соғыс алаңында жүздесіп, оларды өз әскери қабілетімен таңдай қақтырған көкжал болатын.
Сонда Черчильдің өзі "ойпырай түріктен де ағылшынмен тең келер дана қолбасшы туған екен ау" деп кетіпті сол жолы.
Енді мына жерде тағы сол қолбасшы.....
Ататүрік бұл кездегі түріктің басына түскен қияметте, "Атажұрт Түркістаннан ата — бабаларымыздың әруағы қолдасын" деп Бұхарадан Әмір Темірдің үш қылышын Измирге алдырыпты. ( Жалпы Ғази Мұстафа Кемел, Әмір Темірді өзіне үлгі тұтқан жан бопты.)
Түріктің ол кезде бабалар әруағынан басқа қолдаушылары да қалмаған еді.
Ол дереу халқын бір тудың астында біріктірді, одан соң Анадолы түріктері даңқты қолбасшыларының басқаруымен Отан үшін қиян — кескі шайқастарын бастап кетеді.
Олар өз дұшпандарына 7 майданда шеп құрып асқан өлермендікпен оларға соққы бере соғыса отырып олардың бәрін өз елінен қуып шықты.
Сол соғысты бүгінгі күнге шейін зерттеп жүрген мамандар, "бұл мүмкін емес нәрсе" деп бастарын шайқайды.
"Жалпы Ататүріктің тарихта пайда болуы бір тылсымнан келген күштің арқасында жүзеге аспаса, бұлай соғысып, жеңіске жету мысалы адамзат тарихында болмаған, бұл мүмкін емес нәрсе" дейді.
Ол мүмкін екен. Түріктер сол жылдары өздерінің мемлекеттілігінің құқын дәлелдеп күштілерге емтихан тапсырғандай болды.
Түрік деген халықтың бұл әлемде өмір сүруге құқы барын күллі әлемге дәлелдегендей болды. Жан алысып, жан берді, сол жолда миллиондарын құрбан қылды.
Ақыры дұшпанды қуып шықты, мемлекеттерін қайта құрды, Орта Азияға босып кетпеді, керісінше отаршылдықта отырған Орта Азия - Кафказиядан босқан бақытсыз бауырларын миллиондап қарсы алып оларға жаһандағы жалғыз түркі мемлекеті ретінде ел азаматтығын таратты.
Отансыз қалған бүтін түркі баласын қасына жинады, олар да бұны пана тұтты.
Осылай көргені көп болғаннан соң ба, түріктер әлі күнге шейін бірталай руһты, еті тірі халық, өре түрегеліп шапқылап жүрген сезімтал, ұлтшыл, мемлекетшіл халық, бұл да шындық.
Марқұм Нағашыбай көкеміздің пірі - Гитлер, бұл тарихқа қатысты "егер бұл әлемде өз мемлекеттігін күл - қоқыстың арасынан алып шығып қайта тірілген бір халық болса, ол - Ататүріктің түріктері" деп кеткен екен кезінде.
Тағы сол Гитекең, "Мен Кемел Ататүрікті өнеге тұтқан оның екінші шәкіртімін, оның бірінші шәкірті Муссолини болатын" депті.
20 ғасырдағы түріктің соңғы, даңқты қағандарының бірінің тарихы осындай, тарих емес — ӘФСАНА.
"Бір халықты құтқаруға бір адам жетеді" деген Вольтердің сөзі рас екен.
Егер сол адам дер кезінде өз орынында болса.
Ататүріктің тарихына көз жүгірткенде Вольтермен іштей келісемін.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев