Үйір-үйір жылқысы бар түрікпеннің бір байы орасан жүйрік тұлпарға құштар болып жүргенде бір көріпкел осы көктемде судан суын айғыр шығатынын, шама келсе үйірді теңіз жағасына жақын жайуды, Алла Тағала бұйыртса, суын айғыр үйір ішіндегі бір биеге шабуы мүмкін екендігін ескертеді.
Сол күннен бастап бай жылқышыларына суын айғырдың судан шығып, үйірдегі бір биеге шабатын уақытын білуді қатаң тапсырады. Қанша күтсе де олар суын айғырдың судан шыққанын көрмейді.
Осыған қапа болған түрікпен байы еліндегі сейіс, әрі сыншы ақсақалды ертіп келіп үйірлерді аралағанда оның көзі боз биені көреді де: «Тұлпар осының ішінде, биені көзден таса қылмаңдар!» – дейді.
Биеге күтім адамнан артық жасалып, көктемде мөлдір қара құлын жарыққа шығады. Көруге келген байдың да, сыншының да құлынға көңілі бітеді.
Келесі келгенде боз биенің бауырындағы құлдыраңдап жүрген қара құлынды көрген сыншының көзі атыздай болады. Өзіне-өзі сенбей көзін уқалайды.
— Құлын басқа, тұлпардан айырылыппыз! – деуге ғана тілі келеді. Құлынды көзден таса етпегендей болған жылқышылар бұған сенімсіздік білдіреді. Сыншы көрші ауылдарды аралайды. Кенет көзі бір үйірдегі бауырында қара құлыны бар боз биеге түседі де:
— Мынау біздің құлын, іздеген жоғым осы! – дейді.
— Қой, – дейді адай жылқышылары, – Бұл Ақтанкер айғырдың баласы.
Сыншы өзінің көрген-білгенін байға жеткізгенде, бай шыдамай:
— Құлыны бар үйірді айдап әкеліңдер, қарсы болғанды шабыңдар, – деп бұйырады. Сыншы болғалы тұрған қантөгістен сескеніп:
— Қантөгіс жасауға әлі ерте. Анттасайық. Антқа олар Қожаназар байдың Ақшолпан атты тоқалынан туған алты жасар Қошанды ұстауды ұсынайық. Бір құлынға бола баланы антқа ұстамас, құлынды берер, – дейді.
Екі жақ та қатты кетеді.Түрікпендер: «Не қан төгіс, не анттасып өздерін ақтап алсын», – десе, адайлар жағы: «Болсын, анттасайық», – дейді. Сонымен екі жақта осы уәжге тоқтайды.
...Қараман Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым халық.
Ортада – кекілін, құйрығын қара матамен түйген, қара жүген қаңтарылған қара арғымақ, үстіне қара киім киген, бұл фәниге қылдай қиянаты жоқ сәби Қошан.
Айтыс шарықтау шегіне жеткен кезде Бекет Ата ешкімге сездірмей Қошан мінген қара аттың еріне ағаш сапты біз шаншиды да, Қараман Ата бейітіне қарап тізерлей отыра қалып:
— Уа, Құдайым, қара айыпты десең қара атты ат, бізді айыпты десең бізді ат! – деп айқайлайды.
Осы сәтте ердің қасындағы біз ортасынан қақ жарылып, оңтайда тұрған бір жігіт құлап бара жатқан қара аттан Қошанды жерге жеткізбей көтеріп алып кетеді...
Әруақтың құдірет күшіне тәнті болған адайлар жағы құлшылық ете бастайды.
— Әруақ қара атты атып, татулыққа, бітімшілікке шақырды. Бір құлынға бола ел ішін ала тайдай бөрліктіргеніміз болмас, бата жасасып, туысқан болып тарасалық, – деп, қолын ұсынған Бекет Атаға:
— Бекет, адайларыңа бұрып кеттің, бұл шешімге риза емеспіз. Анттасуды адайлар арасында емес, Көне Үргеніштегі Шикабір әулие маңында өткіземіз, – дейді, түрікпендер жеңілгенін мойындағысы келмей.
— Айтқандарың болсын, ертең таң намазында сонда кездесейік, мен жүрдім, – депті де, қара киімді Қошанды алып, қара арғымаққа міне салысымен көзден ғайып болыпты. Мұны көрген түрікпендер:
— Болмады, Бекет құдіретін асырды, қандай жүйрік болса да Шикабірге ол айтқан уақытта жететін жылқы бізде жоқ, жете алмаймыз, дауды доғарайық, – деген тоқтамға келіп, ортақ әңгімеге көшеді.
Сөйтіп, Пір Бекеттің құдіреті себеп болып дау қан төгіссіз аяқталыпты.
Айтушылар: «Қараман Ата аруағымен Бекет Ата үшінші күні ғана тілдесіп, жоғарыдағыдай байламға келген екен», – дейді. Ал әлгі суын құлын тұқымы адай жылқыларынан қуса жететін, қашса құтылатын, ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды білмейтін талай тұлпарларды шығарыпты…
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Комментарии 1
Бекет Атаның ақылы ел арасындағы дауды бейбіт шешкен екен......