Қазақ халқы адыраспанды киелі өсімдік деп біледі. Негізі адыраспан улы өсімдік. Ал киесі, қасиеті – шипасында.
Адыраспанның сабағы, жапырағы, тіпті оның түтінінде де шипа бар. Этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай: «Өсімдіктер көне заманнан бері адам баласына қызмет етіп келеді. Оны әртүрлі мақсатта, ең алдымен бояу жасауға, сабын қайнатуға және емдеуге пайдаланады. Мәселен, адыраспанның өзіндік иісі бар және малға жеуге жарай бермегенімен, кәсіптік маңызы бар. Адыраспаннан көптеген жұқпалы аурулардың кейбіріне қарсы препараттар алынса, ревматизм және тері, қышыма ауруларын емдеуге халық ертеден пайдаланып келеді», – деп жазған.
Адыраспанды қайнатып, сол сумен аяқ-қолы сырқыраған адамдар денесін бұласа, сап тыйылады. Бұрындары суық тигенде, денеге бөрткен шыққанда, тіс қақсағанда осы адыраспанның суы мен буымен емдеген. Қазіргі уақытта да фармакологияда адыраспаннан жасалған дәрілер қолданылып жүр. Мұндай дәрілер қабынуды жазу, зәр айдауды жақсарту, ішек құрттарын өлтіру, қызыл иектің қанауын тежеу, іш ауруын жазуға көмектеседі.
Адам ғана емес, адыраспан жан-жануарларға да ем екен. Малдың қотырын бұрын адыраспан қайнатпасымен жуып жазатын. Дала жануарлары да дерт меңдегенде адыраспанға аунап жазылатынын үлкендер айтып отырады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал шариғат адыраспан жайында не дейді, білесіз бе?
Адыраспанды мұсылман қауымы үй-жайды аластау мақсатында қолданады. Бұрынғылар сәбидің бесігін, сырқат адамды, тіл-көз тигендерді, жаңа немесе ескі үйді адыраспен аластатайтын. Адыраспанмен аластау қайдан шықты? Бұл рәсімді көптеген ғалымдар исламға дейінгі дәстүрлермен түсіндіреді. Әсіресе көне түркі халықтары аластау арқылы тазалауға мән берген. Бұл жайлы «Ғази» университетінің профессоры, түркиялық Ибраһим Делек: «Көне түркі тайпалары мен Сібір халықтары және барлық түркі тектес халықтар оттың тазалаушылық және аластаушылық қасиетіне сенеді. Тазалануы қажет заттың, малдың, тіпті адамның жағылған екі оттың арасынан өткізілгендігі және аластау арқылы тазаланғаны белгілі. Рас, адыраспанмен аластау ел арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Адыраспанның түтіні улы, сондықтан оны микробтар мен вирусқа қарсы дезинфекция ретінде қолданады», – деп айтқан екен.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл: «Адыраспанды дезинфекция ретінде қолдану шариғатымызға еш қайшы келмейді», – дейді.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)
#халықемі #денсаулық
#шипа #шөппенемдеу
#фитотерапия
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Нет комментариев