Кейінгі кезде Тауелібай елінен шыққан аузы дуалы билерінің ғибратты сөздері мен өнегелі істері көпшілік арасында көп айтылмай, тіпті көмескіленіп бара жатыр десек те болады. Ауылымыздағы жасы үлкен ақсақалдары көпшілік жиналған жерде Шөмекей Қайқының(Балқы)Отарбай аталығынан шыққан от ауызды, орақ тілді Тампыш бидің аузынан шыққан, ел ішіне кең таралып кеткен тапқырлықтарын айтып елді айрандай ұйытқанын да өз көзіммен көргенмін. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тампыш би өзінің біліктігінің арқасында ел ішіндегі аяқ астынан бұрқ ете қалған дау-дамайды ушықтырмай, дер кезінде қамырдан қыл суырғандай тігісін жатқызып жіберіп отырған. Соның бір мысалы, ертеректе Қазалыға бек болған Қожанияз деген бек бір қазақтың он екіден бір гүлі ашылмаған өндірдей қызын көріп қалып:
-Би, маған осы қызды алып беріңіз, - деп Тампышқа талақтай жабыса кетіпті.
Тампыш би қазақтың үріп ауызға салғандай әдемі қызын орта жасқа келген Қожанияз бекке қимайды. Дегенмен, Хиуадан келген бектің қадалған жерінен қан алмай тынбайтынын білетін Тампыш би тоғыз толғанып, он ойлана келіп: «Ойпырмай, былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі. Қалайда арба сынбайтын, өгіз өлмейтіндей жол табу керек», - деген тоқтамға келеді.
Құлқынын тиын тескен бекті бұл ойынан бас тартқызу үшін:
-Бек, қазақта «қалыңсыз қыз болса да, қадесіз қыз болмайды» деген сөз бар екенін өзіңіз жақсы білесіз. Бұл қызды алу үшін сіз қыздың ата-анасына қалың мал төлеуіңіз керек. Қазақта сұлу қыздың қалың малына үш жүз қой алатыны ойыңызда шығар, - деп қалың малдың бағасын аспандатып жібереді.
Тампыш бидің бет-аузы бүлк етпестен қызға төленетін қалың малдың мөлшерін тым асыра айтқанынан шошып кеткен Қожанияз бек:
-Ау, би, мен де қазақтың қалың малының шамасын білетін едім. Бірақ сіздің қалың малды мұншама көп айтқаныңыз қалай, - деп таңдана сұрапты.
Сонда тығырыққа тірелген жерден қиналмастан жол тауып кететін Тампыш би еш саспастан:
-100 қой сенің қарттығыңа, 100 қой сарттығыңа, ал 100 қой болса қазақтың қызға алатын қалың мал салттығына, - деп кідірместен жауап берген екен.
Құрманғали Адамқұлов
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев