1994 жыл. Ауылда жұмыс жоқ. Жарық өшкен. Нан пiсiретiн ұн таппаған адамдар кебекті илеп жей бастаған кез. Бұл ауыл аудан орталығынан 40-50 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қыста қар басқан жолды ашатын техника жоқ. Сондықтан, ауыл адамдары қар қалыңдамай тұрып, қыстың басында аудан орталығынан азық-түлiктерiн тасып алып, көктемге дейiн жан бағады. Ауқаттылары атына шана жегіп, керегін ауданнан алдыртып жататын. Сол жылдың күзiнде араға аз уақыт салып бiрiнен соң бiрi ерлі-зайыпты адамдар қайтыс болып, артында улап-шулап 5 қыз жетiм қалды. О дүниелiк болған ата-аналарының туыстары ақылдаса келiп, қыздарды жетiмдер үйiне өткiзбек болып, ауданнан автобус шақыртады. Отыз жылдан астам совхоздың қойын бағып, адал еңбегімен үлесін қосқан сол ауылдың тұрғыны Тiлектес ''жетiм қыздарды өз қамқорлығыма аламын'' деп елдiң iшiн дүр сiлкiндiрдi. Мұндайды күтпеген ауыл басшысы: - Сiздiң бұл шешіміңiз сауапты iс. Бiрақ, өзiңнiң 4 қыз бен 1 ұлың бар, оның үстіне мынау 5 қызды алсаң қалай асырамақсың? Жұрт өзiнiң 1-2 баласына азық пен киiмдi қайдан аларын бiлмей жүргенде, он баланың салмағы ауыр тимей ме? -деп тоқтатпақ болды. Белдi бекем буған Тiлектестiң алған бетiнен қайтпайтынына көзi жеткен ауыл басшысы жалғыз өзi шешім қабылдауға шамасы жетпеген соң аудан әкiмiне хабарласады. Көп күттірмей аудан әкiмi де ауылға келеді. Ол да ары-берi айтып көндiре алмаған соң: - Олай болса, Сiз бiр қызды алыңыз! Бiреуiн ауыл басшысы, бiреуiн мектеп басшысы, тағы бiреуiн аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы алсын, - деп шұбырта жөнеледі. Соңына дейiн сабырлық сақтап тыңдап болған Тiлектес: - ''Бiр қой егiз тапса, шөптiң басы айыр шығады''. Ауыз жаратқан Құдай оны нәпақасыз калдырмайды! Асыраушы - АЛЛА! Ал мен, себепкер ғанамын. Жетiмдiктiң не екендiгiн мен жақсы бiлемiн. Әкемнен 3 жаста, анамнан 12 жасымда айырылып қалдым. Сондықтан, бұл балалардың барлығын мен аламын. Бөлiп беретiндей сендерге бұлар мал емес, - деп сөзiн түйдi. Келiспеске амалы қалмаған атқамінерлер өз жөндеріне кетті. Ал ауылдың сөз аңдып, өсек терiп, қыңыр сөйлеп қалғандары:
- Байқа, Тiлектес! Ертең тамақ таппай он баламен шұбырып, ел кезiп кетiп жүрме, -деп қағытып жатты.
Бес қыз жаңа қонысқа жайғасқан соң, бір ай уақыт өтер-өтпес шамасында бейтаныс бір жігіт ауылға келіп диірмен сала бастады. Темір жол мен тас жолдардың бойында жайғасқан ауылдарға қарамай, жолсыз жатқан ауылға диірмен салуы талайды таңқалдырды. Десек те, бидайларын үктіріп алуға келіп-кететін көліктерімен баратын жерлеріне жетіп алатын мүмкіндікке қол жеткізген ауыл тұрғындары үшін бұл диірмен құтты болды. Диірмен иесі ауылдағы Тілектестің шаңырағында жақында болған оқиғаны ести салысымен сол үйге барды.
Естігенін көзбен көрген соң разы болып:
- Сіздің жасағаныңыз үлкен ерлік екен. Ұн жағын уайымдаманыз! Ай сайын бес қап ұн жəне наубайханадан күнде қалағанша нан алып тұрыңыздар! Қарсы болмасаңыз сізді жұмысқа қабылдап жалақы да төлеп тұрайын-деп аяқ астынан жарылқап тастады. Бір қызығы- əу баста күле қарап," тамақ таппай ел кезіп кетпе" мазақ еткендер керісінше осы үйден қолдарына ыдыстарын ұстап ұн сұрап келетін болды. Осыдан соң 6-7 жылдай ауылда тұрған Тілектес балаларын оқыту үшін қалаға көшуге мəжбүр болды. Жетімдерді қанатының астына алғанына бір ай өтер өтпес уақытта диірмен ашылып, бұлар ауылдан көшкен соң, сонша уақыттан соң диірмен жабылды.
Түсінген адам үшін бұл оқиғада зор хикмет бар.
Алла Тағала жетім қыздарды тамақтандыру үшін бір құлына диірмен салдырып қойып, оның ісіне береке беріп қойды.
Ал, осы оқиғадағы Тілектес атты кейіпкер- марқұм менің əкем еді.
Арман Тілектес Бердалин.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 1
Жетімнің маңдайынан сипағанға көрсеткенАллла тағаланың мұғжизасы деп түсінемін