КҮНӘ
Өзін-өзі жазалаудың жолын таппай қамығып, тұншығып күй кешеді бұл байқұс. Түннің, қап-қараңғы қапас түннің тұнжырап енгенін қалайды. Тек ағарып таң атпаса екен. Алты қырдың астынан етегін жайып таң көрінсе-ақ сол түндегі жасаған күнәһарлығын бетіне салып аймандай етпек, о құдай.
Мамырлап атқан әппақ таң неге жанға жара салды айғыздап. Түннің түңлігін түріп тастап, қылаң еткен таң жарықтық нұр сыйламай ма ғаламға. Ал бұл байғұс тарап бара жатқан түн құшағынан арылығысы келмей аһылап: «Қарғыс! Қарғыс атсын сол таңды» - деп жан ұшырап зарланатын. Түн құпиясын таң ашатынын бұл біліп пе сонда.
Таң алдындағы намазын оқып жатып: «Алла, Ал…ла»,-деп ауырта дауыс шығарды кемпір. Сәлден соң ерінін ғана жыбырлатып, сыбыр-сыбыр етті. Қолына ұстап, тәсбиғының тізілген көзін санады. Бұрынғыдай емес, бұл жолы ұзақ санады. Ернін жымқыра тістеліп, көзін жұмып алып теңселіп отыр. Жылап отыр. Маржандап аққан көз жасы иегінен төмен қарай дөнгелеп түсіп, алдындағы жайнамазға сіңіп жоқ болады. Кемпір көзін ашпайды, тізесіне қойған екі қолын да қозғамайды. Көзін ашпайды кемпір, қорқады. Көзін жұмғаны – күнәсін мойындағаны
Түн- құштарлық еді тән үшін, таң – ыңтазарлық еді, бұл үшін. Неге жек көрсін сыйлаған түнді, неге жек көрсін думанды қызық сыйлаған таң нұрын. Бұл үшін бәрі де әдемі, көңіл хошы қанбайтын ғажап болатын.
Ел - жұртқа байлығымен мәшһүр болған Әбілқасымның жалғыз ұлы мұны айттырып: «Қалыңмалға не сұратады» дегенін естігенде әкесі де қомданып, күпініп қалмап па еді. Лүпілдеген қызжүректе әлдебір жұмбақ сезім қытықтап, Ақ Баян сонда бір қызарып, бір сұрланып күн кешті. Жанары ұшқындап, елегізіп, қыр басына әлсін-әлсін көз үйіріп, әлі өзі танып білмейтін бай баласын сағынады. Ақ Баян сонда түннің жылдам батып, таңның тезірек атуын күтті. Әкесіне тұлымшағы желкілдеген сәби көрінсе де бай ауылы үшін денесі сымдай тартылған, сүліктей жіп-жіңішке, маңдайы жарқыраған он төртке жаңа толған әдемі бойжеткен еді.
Әбілқасым бай: «Жайлауға шығарда Баянды қолымызға қондырсын, жас отаумен бірге көшеміз»,- деп қыздың қалыңмалын үйірімен жіберіпті. Қыз әкесі қораға толған малға едіреңдеп, риза болып, Ақ Баянға аталық бата беріп, маңдайын иіскеген. Тек шешесі байқұс: «Бай ауылы кердең келеді Әбілқасымның тоқалы жайсыз деп көп есітіп едім. Өзіңе сақ бол. Әйелдердің сылдыр сөзіне құлақ қойма. Еркіндеу өсіп едің, келіндік жолыңды біл Үлкендерді ренжітпе»,- деп жүрегі жұлынып бара жатқандай дауысы қалтырады. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп, мұның ұзын бұрымындағы күміс шолпысын аялай сипады. Тағы да қосып айтар ақылы бар еді, қызының жасаураған жанарын аңғарды. Сәл іркіліп қалып: « Иә, жолдарың болсын, қос құлыншақ»,- деп қыр басына дейін күйеу бала мен қызды ұзатып салды.
Бай ауылының жайлауы қандай көрікті. Оңашаға ақ отау тігіп, жігіттің жеңгелері бірінің санын бір шымшып, сылқ-сылқ күледі. Бұл күлкі қызды да, жігітті де бір-бірінен алыстатып, ұялта түседі. Сонда да бұлар ынтық еді бір-біріне Ақ Баян да, Нұғымар да жап-жас бала Құдай-ау, тіпті бала екен ғой сонда.
Әбілқасым ауылы шешесі айтқандай-ақ кердең болды. Ақ Баяның өз еліндегідей әзіл-оспақ, ән мен күй тым аз. Бәйбішенің жақтырып отырғаны, иә жақтырмай отырғаны белгісіз. Өз үйінде күйбеңдеп, жеңешелерімен бірге қазан-ошақтың маңын сыпырсып, үйреніп қалған әдетімен іске араласайын десе бәйбішенің салған тыйымы тағы бар. «Жалғыз үйдің қатынын, қазан ошаққа майлық етпеңдер. Сендерден артылар шаруа жоқ»,- деп дүр сілкінгені мұның да құлағына тиген.
Содан бері құс тесектін үстінде жалғыз өзі отырып, кайын-сіңілісіне арнап іс тігеді, жасау жасайды. Төркінін бір көруге зарығып, ел-мекенін сағынып, сызылтып ән салады кейде. Бірақ Нұғымардың төбесі көрінсе-ақ болды, жанары жарқ етіп, сағыныш сезімін жасыра алмай қалатын. Әдемі-ақ еді сол шақ, тап-таза еді сол сәт. Жайлаудың тұнжыраған түні, салқын самал желі көкіректегі шерді жұлып алар ғажап еді. Құлан иектеніп қыр басынан көтерілетін таңы кандай тұнық еді, шіркін.
Кемпір тапжылмай әлі отыр. Әлгіндегі жайнамазға түскен жансыз жастары, енді дір-дір етіп барып сіңеді.
Бір сәт даусы шыгып өксіп кетті.
-Әлһәмдү лилләһи, күнә деп, күнәһармын деп ойламадым. Азаптан құтқар, мазақтан кұтқар біздерді дедім. Бар болғаны сол еді ғой, жаратқан. Ол кезде мен жас едім. Он беске келіп, оң-солымды білгеніммен бай туысы не айтса сол жөн шығар деп басымды шұлғи беретін жас едім. Тым жас едім: - кемпірдің иегі қимылдап, кемсеңдеп кетті, етегіне шалына қозғалып, еңбектей орнынан тұрды. Таң намазы кәрінің көз жасымен жуылып, үнемі осылай, шермен, мұңмен аяқталатын.
Түн таралып көшіп, таң ағарып қылаң берген екен.
- Уа, жарықтық. Мүсәпір қарттың күнәсін кеш, таң алдында қасірет жұтқыза берме. Таң қайырын берсін, таң құт болсын деуші еді емеспе үлкендер. Мен пақырға әр атқан таң қасірет берді емес пе. Жан жарасының күйзелісін тый. Ағарып аткан таң нұрын куанып, серігіп қарсы алады жамағат. Маған да сол бақыттын титтей сынығын сый ете гөр, жарықтық. Көзін сығырайта ашқан таң – жарықтық тас төбеге көтеріліп, ағарып атып кетті. Сап тыйылып, мызғып калған тіршілікке жан бітті. Жарық-дүние, ғұмыр - тірлік қоғалысқа түсті. Осы сәтте ғана Баян кемпір: «Oh!» - деді жер-жаһанды күңіренте күрсініп, «Oh!» - деді қайталап. Бір сәт күнәсін ұмытқандай жан сауғалады... Нұғмардың жалғыз қарындасы Гүлбарамның қалыңмалы кедей жігіттің қылшадай мойынын үзіп жібере жаздаса керек. Ұсақ-түйекті көзге де ілмейтін Әбілқасым бай жалғыздың бағын жиырма жылқы деген екен. Мұның өзі кедей жігітке ауыр салмақ салмаймын деген пейілі деседі. Бірақ ыңыршағы шыққан жұпыны жұрттан сол жылы жиырма жылқының басы құралмай-ақ койды. «Қыздын қалың малы төленбей, кедейге артып жіберер кызымыз жоқ. Қалыңмал жинап алмай қатын алмақ не соры» - депті бай ауылы. Қысқасы, қалыңдығы басқа бір жігітке айттырылып кете ме деп, зәре-құты қалмаған жас жігіт кыз ауылына келгіштей береді. Жігіттін жасырыны, ел көзіне көрінбей Гүлбараммен кездесіп жүретінін Баян да сезеді. Бірақ жастар жағы мұңаймасын деп көп нәрсені елеп-ескере бермейді. Бір күні өңі қудай болып Гүлбарам мұның отауына сүйретіліп келіп, отыра кетті.
- Ақ Жеңеше, ағам әкеме айтсын. Мені қинамасын әйтеуір баратын жерім ғой, ұзатып, аттандырсын. Жігіттін кедейлігіне әшкерелей бермей-ақ қойсын. Аралас-құралас болган соң өздері-ақ ұялғаннан қалыңмалдың қарызын өтер.
Қыз жанарын жерден көтермеді. Жасырын күрсініп, саусағы дірілдеп, колындағы жүзігінің бетін сүртті.
- Апама айта алмаспын, оған да өзің айт, - деді шығып бара жатып. Сол сәт Ақ Баян да орнынан бірге турып, кідіріп қалды. «Еркежан, Ақ Ерке-ау... Неге сонша мұңлысың? Жарқыраған ерке жанарыңды бір көтермедің-ау жерден. Сырқатпысың әлде... сырқатсың ба?» Ақ Баян өз ойымен өзі алысып отырған сәтте есікті жұлқып ашып, тоқал енді.
- Осы сен қайда қарап жүресің, қараң калғыр. Іс тіккенің бар болсын сенің бүйтіп. Ана қыздың күйеумен ойын-сауығын тыймадын-ау, бір! Әлде өңірің жыртық кедей болған соң жарлыға бүйрегің бұрып тұра ма?
Ақ Баян селт етті, басын көтеріп. Тоқалдын айызы енді қанды.
-Әбілқасым да, бәйбіше де білмейді ештеңені. Ал менің қу жүрегім сезеді, сезген сайын жаным жай таппай дөңбекшіп шығам. «Ел құлағы – елу». Сезеді бір бәлені. Білсем… Гүлбарамның аяғы ауыр!
Дір етті Баян, шоқ басып алғандай:
-Жоға, жоқ…жоқ, дейді табанының астындағы жер ойнап жеткендей, теңселіп барып. -Не дейді тағы… Не?..
-Жи есіңді! Бұдан былай түнгі ұйқыңа сергек бол.
Масқара болдық, ойбай. Қыз жүкті…
Ақ Баян отыра кетті сылқ етіп.
Нұғымардан бөлектеп, кереге жаққа сол түні төсек салды. Онысы керегеден белгі күтіп, сақ жатпақ . Бірақ күйеуіне не деп түсіндірмек, не айтып ақталмақ. Жалғыз қарындасы жайлы жамандықты қалай жеткізбек. Әбілқасым ауылы намыстан өртеніп өлер, үлкендер кек алар, мал даулар. Әйтеур арты жаман. Ақ Баян камзолының түймесін салғырт ағытты. Содан керегеге басын сүйеп, солқылдап жылады-ай келіп: «Ақ Ерке, Ақ тоты-ау! Мұның қалай? Атама не айтамыз? Бай үйінен береке- құт қашатын болды-ау. Аямайды бізді атам. Атамды да жұрт аямайды енді. үйтіп сұратқан қалыңмалы құрысын, байлыққа біткен үйір-үйір жылқысы құрысын»
-Келін!
Тоқалдың сұп-суық дауысы шықты. Баян елең етіп құлағын тікті.
-Тұр, тұр ойбай, тезірек Гүлбарам қиналып жатыр. Үстіндегі көрпені қалай лақтырғаны есінде жоқ, көйлекшең қалпы, киіз үйден жүгіре шықты. Ай сүттей әппақ, түн жап-жарық. Түнің осындай жарық болғанын алғаш көрді. Үстіне шапанын жамылып, бүрісіп оқшау тұрған Гүлбарамды көрді. Осынша қатты сасқалақтап, ұялып көрмепті. Екі беті дуылдап барады. Есін жинап үлгергенше тоқал сыбыр-сыбыр етті. Біздің түнде жүргенімізді ешкім көрмесін, естімесін дейтін сияқты. Бұлар ауылдан алыстап барады, ұзап барады. Баян енді түсінді- Гүлбарамның толғағы басталыпты.
Тоқалдын зар қағып мұны түн ортасында тұрғызғаны да сол екен.
-Алла-ай, жаным-ай. Ал…ла-ай, қу жаным-ай-деді Гүлбарам екі бүйірін таянып.
- Жарығым-ай, қиналдың-ау, - деп Ақ Баян оның басын сүйеді.
- Әй, келеншек! Берірек кел, - деп тоқал қап-қатты бірдеңені ақ Баянның қолына ұстатты: -Беліңді бекем бу. «Арым үшін жаным садаға» деген. Бетімізге шіркеу, сүйегемізге таңба болмасы. Аман-есен Гүлбарамның жаны қалса бізге сол олжа. Мына шикіөкпені өлтіре салу керек, көзін жойып...
-Ойбай-ау тәте... Не айтып тұрсыз, қалай? Қайтіп, қайтіп...Тоқалдың білегінен қапсыра құшақтаған Баян: «Тәтетай-ау, мені қинама бұл іске.Мен өлтіре алмаспын»,-деді жылап тұрып.
-Өлтіресің, жеңеше. Өлтір. Өлуі керек оның,-деді ыңыранған Гүлбарам.
-А-а? Не дедің Ақ Ерке? Қоя ғой,жарығым. Ол не дегенің,-деп алма-кезек екеуіне аңтарыла қарады бұл. Сорғалап аққан жасы үрейден де, әлде жанашырлық па, түсініп, ұқпайды. Екі қолын алма-кезек сермеп не айтып, не қойғанын да білмейді. Бірақ жан ұшырап: «Менен әрі, менен аулақ» дейтіндей.
-Ойпыр-ау, басқа түскен қияметтің жүгін онан әрі ауырлатпай тұршы былай! Ертең Ақ Еркеңді баласымен бірге ұзатпақшымысың сонда. Жұрт не демек? Анау тексіз неменің желігіп жүріп жасағаны бұл, обалы соған, біз не жазыппыз. – Тоқал сөзін аузынан жиып алғанша болмады, түнгі тыныштықты шар етіп шыққан сәби үні бөліп жіберді.
-Иә,сәт! – деп шарананың бас салған Ақ Баян етегіне сала қойды. «Іңгә...іңгә...» деп аузын аша тырбаңдаған кіп-кішкентай денеге тоқал түн ішінде үңіле қарады.Үңіле қарады да бір кесеге езілген тотияйынды шарананың аузына құя салды. Сол-ақ екен аяқ-асты астаң-кестең болған түн-тіршілік маужырап ұйқыға қайта кетті.Етегіне салғаны бала емес,ағаш болды сіресіп.
-Не істедің, тәте-ау, мынаның дымы өшіп қалды ғой.Не болды мынаған, неге жыламайды?-деді қауіптенген жас келіншек.
-Үйбәй-ау, әлі отырмысың сілейіп?Тастай сал әрі!Ақ Еркеңді жуындыр.Таң атып келеді,әне! Бол,бол! Жылдам!
-Ақ Баян орнына атып тұрды. Атып тұрды да «енді не істейміз?» деді есі ауысып. Білектей ғана кіп-кішкене мәйітті орап болып, тоқал Ақ Баянға сыбырлады: «Қыз екен, әлгі.. Жылдам, жылдам. Гүлбарамның үстіне шапанды жап, тезірек жетейік. Таң ағарып келеді», - деді тағы да жерге бірдеңкелерді көміп жатып.
Жаны қысылып жүріп, қара жерге түсіп бұл да түнгі жұмысқа тым жылдам-ақ кірісіпті. Бозамықтанып, көтеріліп келе жатқан таңды көргенде: «Ойпыр-ай, таң қайтіп жылдам атты», - деді қиналып тұрып.
Сескеніп, дірілдеп таң көтерілді. Сол күнгі бозамық таң қандай паң еді.Жерде тұрған үш мүсәпірге сұқтанып, күнәсін мойнына салып, үшеуінің де құлын дауысын шырқыратып сазайын бермек. Әйтеуір, ерте ме, кеш пе сазайын бермек. Шырылдап өмірге асыға жеткен жанды тіршіліктің ғұмырын қия салып, үшеуі ештеңе болмағандай бірін-бірі жетелеп келеді,безеріп.Түннің құпиясын серпіп ашып, көкке шаншыла көтерілген таңды да ұнатпайды үш бейбақ. Өйткені таң ғажап, әппақ еді. Түнгі күнә аламайланып, таң атқан жаққа мойын бұрмай, бүгежектеп жылжып келеді,ілбіп келеді.Күнәсын бетке ұрып мойындатар-ақ еді ақ сәуле. Күлім қағып, күн шықты орта жолда.Сол сәт таң тәкәппарлығынан айырылып,мақұрым қалды.Күн жеңді,жарқырап.Күлген күннің уақытша нұрына алданған үшеу жақын қалған ауылға жүгіре жөнелді.Күн күлді, ауыр күнә кешірілді деп ұқты үш пенде. Бірақ күннің де иіліп түнге бас ұрып,жеңіліп бағынатынын,сол қарайған мақпал түнде таң көтеріліп,жарық пен тазалықты сыйлайтынын кім біліпті. Кім ойлап мән беріпті. Байқаса таң сәрі ғана биік екен, асқақ екен. Өйткені қою түннен құтқарып,күн нұрына жол салатын табиғаттың жалғыз елшісі де сол екен. Сол қасиетті таң алдында қара жамылып, қап-қара күнәға батқан үшеу тұр еді, селтиіп.Сол үшеудің бірі Ақ Баян еді қамыққан...
Таң намазын күрсініп аяқтады кемпір. Жайнамазын мойнына салып, қылаң берген бурыл таңды қарсы алуға бел буды.Жарықтық ілбіп, асықпай рауандап енді атып келе жатыр екен. «қандай ғажап...» Тамсанған кемпірдің жанарына жас толды.Елу жыл бойы жүзін көрсетпей,бүгіжектеп,таң нұрымен алысып,күнәсін ойлап зар жылап өтіпті.Бүгін әжім басқан алақанын жайып,күнәмді кеш деп жалынбақ.Жүрек түбінді ашылмай қалған күнәсін айқайлап айтып,зарланбақ. Неге екені белгісіз сол сәт таң да өзімен бірге қартайып,тозып бара жатқандай сезінді.Сосын ағарған таңға алақанын жайып:
-Сен бәрібір мәңгіліксің. Сол бәз баяғы менің он бес жасымдағы көрініс қой мынауың. Елу жыл өткенімен, сол күнгі күнәмді әр атқан таңыңмен дәлелдеп, қылмысымды бетіме басып есімді бір жиғызбадың-ау.Тіршіліктен безініп,түнді сағынғаным рас.Түннің мәңгілік болуын да қалағаным рас.Бірақ есеңгірегеннен басқа қолдан келер дәрмен қайсы. Гүлбарам байқұс ғұмыр бойы жылап өтті. Өзі сүйіп қосылған сол жігітпен тұрмыс құрғанымен бейшара өмір бақи тұл болып өтті. Бір шикі өкпе...бір шикі өкпе бұйырмады -ау маған Ақ жеңеше. Мендей күнәһарға бала бітпес деп зарлап өтті жалғаннан. Жер ортаға жасым келіп, самайымды қырау шалғанмен он бес жасымда жасалған ауыр күнә кетпей қойды көз алдымнан.Сол сәттен-ақ пайда болған үреймен азулы қорқыныштан тітіркенем де тұрам, уа,жалған-ай,жалған-ай...
Кемпір төбе басына тізерлеп отырып, маңдайын қара жерге тигізіп, теңселеді аңырап. Шыланған көз жасынан сол уақыттың табы пайда болып, елестейді құрғыр. Сол елес бұл қартайған сайын жақындай беріп, күннен-күнге кәрінің қу жанын жаныштай түседі. Әсіресе іштей шеккен қайғының уы басылмай, жаны дертке ұласып, анасынан бір ілтипат іздеп келген еді түн жамылып. Сол түн дірілдеп-қалшылдап отырып: «Апа-ау,менің жазам ауыр.Мені бар ғой,құдай оңдырмайды енді», - деген.
-Тек!Онысы несі, не болды тағы о,құдай, деп аңқау шешесі ошақ басын шыр айналып шоқ басқандай аяқ асты жынды болып қалмап па еді.Күнәсін жан анасына ғана жыр етіп айтып,ақталмақ еді бұл сонда.
-Ойбай,жаман,қар. Не дейді мынау? Не дейді мына сорлы. Өлтірген кім? Егер өлтірген сен болсаң,жарымассың жалғанда. Адам өлтіргеннен ауыр күнә жоқ...АДАМ ӨЛТІРГЕННЕН АУЫР КҮНӘ ЖОҚ...Жер дүние айналып кетті дөңгелеп. Содан бері елу жыл өтті, елу жыл бойы жайраңдап бір сөйлемепті, күлмепті.Таң намазын жылаумен, зарлаумен қарсы алып күй кешті.
Тағы да төбе басында жападан жалғыз өз күнәсін өзі жуып отыр. Алақанын таң шапағына жайып, жылайды аңырап. Әжім кеулеген жұмсақ маңдайын қара жерге сүйгізіп теңселеді кемсеңдеп.
Түн – күнә, таң – ақталу еді бұл үшін. Ақталып отыр Арыла алмай күнәдан, ақталып отыр.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 1