Шөмекейдің Келдібай, Қайқыдан тараған бірсыпыра аталықтарына қоныс болған Бақанды-Бәйтеректің терістік беткейіндегі кең алаптың ой-шұқырын толтырып Қуаңдария арнасының суы жайылып жататын. Анау Тайшаның батыс бетімен Қарашұқырға қарай созылған ұзын құмның тұмсығындағы биік төбенің Тікарал, ар жағындағы Тоқпан тамынан келетін төбелердің түрткен басындағы биік төбенің Ақарал атануы жайдан-жай емес. Баурайының шалқыған су болғандығынан. Мал тұяғы таптай қоймаған сонау алпысыншы жылдардың басында майда сексеуіл біткен төбе беткейлеріндегі жусан мен бұталардың түбі көлбақаның қабыршағына толы болатын.Қуаңдариядан тарау алып, Әли сайын толтырған соң батысқа беттеген өзектің бойындағы төбе басында Таңатар үйтамы тұр. Таңатар – елші дейді. Хиуа хандығы тұсында қазақтар мен хиуалықтар арасында бітімгершілікке жүріп, елдің бейбіт тірлігінің туын көтерген арғынның айтулы адамына қойылған белгі. Осы үйтамның оңтүстік-батысына таман ағайынды Назар, Керді деген әулиелердің жатқан жеріне жақын биік төбенің баурайын мекен етіп, мешіт салдырған Ерімбет деген кісі болған. Өзі бай, ағайын арасында билігі жүрген Дөсектің біртуар азаматы. Өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың ортасында өзі отырған төбе басына қызыл қыштан үлкен мешіт құрылысын бастаған. Өкінішке орай, мешіт салынып біткеннен кейін көп ұзамай жаңа өкіметпен бірге келген дүрбелеңнің дүмпуі бұл төңірекке де жетіп, 1928 жылғы тәркілеу тақсіреті Ерімбеттің басына да туады. Мал-мүлкі хатталып, Ақтөбе жаққа жер аударылады. Одан да аман келіп, Байқожа жағында бірер жыл тұрақтайды да, аласапыран уақытта Бұқара жағына кеткен баласы Қошнияздың артынан барып, 80 жастан асқанда сол жақта қайтыс болады.Иесіз қалғанымен «Ерімбет мешіті» деп аталған бұл ғимарат күйдірілген қыштан тұрғызылғандықтан бір мың тоғыз жүз елуінші жылдардың басына дейін келді. Уақытында еңсесі биік, атақ, алапаты жоғары, аумаққа белгілі діни орын болғандығы байқалады. Сәулет өнерін жетік меңгерген мамандардың қолынан шыққан іші де, сырты да көз тартып, көңіл қуантатын ғимараттың жоғарғы күмбезіне орнатылған айшықтар жалтырап, Қарақ тауының басынан көрініп тұратын еді дейтін көзі көрген қариялар.
Ерімбет би төрт түліктің, әсіресе жылқының басын көбейтіп, Арқадағы Шыммола, Тасмола жерлерін де жайлау еткен. «Қыс жайлы болады-ау» деген жылдары Ырғыз, Нұра жерлеріне мал қыстатқан кездері де болған. Еті тірі жігіт Арқадағы Алмат, Самырат сияқты айбыны мен айдыны асқан жуансіңірлерге жақындап, іні болып, Жетіру, Байұлы, қала берді орта жүз рулары арасында да едәуір беделді болғанға ұқсайды. Жүргеннің Қарасымен құда болып, мал-дәулетін арттырумен бірге, хат танып, сауатын көтеруді де заманның талабы деп білген.
Әкесі Жанай ел аузында батырлығымен де, билігімен де аты қалған адам. Ел сөзін сөйлейтін, жоқ-жітікке қамқор, алыс-жақын ағайынмен сыйластығы мол азамат жас кезінде ауыл арасындағы жанжалға ара түсіп жүріп, біреуді жазым етіп алады. Сөйтіп итжеккенге айдалған батыр есебін тауып, аз уақытта қашып келеді. Елге келген соң ағайын арасында белгісіз жүргенінде танитын адамдар сырт көз білмесін деген есеппен «Ой, бұл Дөсектің ішінде жүрген бір құл ғой» деген әңгіме тарап, «құл» да атанады. Бірақ бұл сөзге намыстанбай, көре алмағандардың мұқатқанына мойынсұнбай бірсыпыра уақытты «Жанай құл» атымен жүріп өткізеді.
Қабырғалы ел Шөмекейдің бір аруақты шаңырағында ата-баба рухына арнап берілген үлкен аста ел ішінде айта жүретіндей бәйгелер ұйымдастырылыпты. Сол уақыттағы аламан бәйгенің, жорға сүрістірудің, палуан күресі бәйгесінің бәсін көтеріп, шай құйып, табақ тартудағы жоралғыларға айтатын сын болмай қалған ғой. Күміс кесе, алтын ыдыс дастарқан сәнін келтіріп, қымыз бен қымыран, ірімшік, құртпен қоса Бұқарадан алдырылған өрік, мейіз көрген жұрттың көзін тойдырып, берекеге белшесінен батқан бір салтанатты жиын болыпты. Тойға жиналған халық риза, ішкен мас, жеген тоқ бір ерекше той өтіп жатса керек. Көпшілік ішінде «Шынымен де осы тойдың төбелессіз тарқағаны ма?!» деп әр жерге иығын тығып, шатақ шығаруға сылтау таппай жүретіндер де болады той болғасын.
Жұрт атшабарға төбе басына шығып, аламан бәйге, құнан жарыс, жорға сүрістіру сияқты ат өнерін, палуан бәйгесін тамашалап болып, бәйге бәсіне тігілген малдары мен қалы кілем, қамқа тондары үлестіріліп жатқан кез екен. Мұндайда біреу сүйсініп, біреулердің іші қыжылдап, ұрынарға қара таппай тұруы да заңды нәрсе. Аты бәйгеден келгендер мен палуаны жыққандар жағы дуылдап, көңілді тұрса, ат оздыра алмағандар мен жығылған палуанның ағайындары әр нәрсеге алабұртып, тиісерге қара таппай тұрады. Сондай бір сәттерде көзі Жанайға түсіп кеткен бір тентек қарадан қарап тұрып:Ой, несін айтасың. Той жақсы өтіп жатыр. Келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы, мыңдаған уақ малдар бәйгеге тігіліп, тойға келген халық бір жырғап қалды. Әттең, бас бәйгеге құл тіккенде ел көрмеген салтанат сонда болар еді. Ас иесінің мәртебесі бұдан да биікке көтерілер еді-ау! Әй, бірақ қазіргі заманда құл болушы ма еді? Қайдан табылсын?! – деп Жанайды байқамаған болып, өзіне біткен қыңырлық бойын билеп, батырды кекесінмен бір түйреп өтсе керек. Төбелестің басталатын-ақ жері. Дөсектер жағы қозғалақтап, әр жерден еліре дауыс шығара бастағанын байқаған Жанай қамшысын көтеріп, әлгі тентекті ортаға алып, қоқиланып тұрған шонжарларға қарап:
– Неге табылмасын?! Құл табылар-ау, оны бәйгеге тігуге жарайтын ұл табылар деймісің бұл төңіректе? – деп жайбарақат атының басын бұрып, ортадан шыға беріпті.
Орынды сөзге қайтаратын қарымды сөз таппай, әрі десе, қамшы бауын білектен өткізіп, білемдей ұстаған қалың дөсектің тегеурінінен қаймыққан әлгі кісінің ағайындары:Айтатын сөзіңді білмей, айдалаға өзеуреп, Жанайдың ұстамдылығы болмағанда ағайын арасына лаң кіргізе жаздадың, – деп қамшымен бір-бір тартып, той аяқталмай тентегін алып, ауылына қарай ығыса жөнелген екен дейді.
Ауданның белгілі азаматы Мұқамбетқали Мырхиевтың (Мақат) «Шөмекей шежіресі» (Ақтөбе, 2005) кітабында да Жанай батырдың 1870 жылдары халық биі болғандығы жөнінде айтылады. Ол өз сөзіне Н.Гродековтың «Киргизи и каракиргизи Сырдаринской области» деп аталатын Ташкент қаласынан 1839 жылы шыққан кітабының «Юридический быть. Приложение 8. стр. 23, 71, 78, 117, 128, 144» беттерінен дәлелдемелер алып көрсетеді.
Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің халықтың игі жақсыларына сипаттама берген белгілі өлеңіндегі:
«Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Пәшеке, Жанай, Меңейді...» деп басталатын шумақтан да Жанайдың ел сөзін ұстаған белгілі адам болғанын байқаймыз. Сол Жанайыңыз Ерімбеттің түстік бетінде, сәл батысқа таман төбенің етегінде Назар-Керді әулиенің қасындағы қорымда қалың сексеуілдің ішіндегі төртқұлақта жатыр.Уақыт өтті. Заман өзгерді. Кешегі Ұлы Отан соғысы да жеңіспен аяқталып, шаруа жөнге келді. Мал өрісі кеңейді. Сонау Ақсойыл-Мақұл, Байбақты мен Қарақ тауы, Тектұрмас аралығындағы кең алапқа қыстаулар түсіп, артизан құдықтары арқылы су шығарыла бастады. Ерімбет қыстауы кейін «Қарақ мал жайылымы» деп аталған Ақжар мен Ленин атындағы совхоздың мал мамандары мен малшышопандарының мәдени орталығына айналды. «Ерімбет мешіті» бұзылып, мектеп салынды. Ол кезде совхоз басшылары үшін де, қайнаған қызу еңбектің екпінділері атанып, коммунистік еңбек бригадаларына мүше болған коммунист шопандар үшін де бос тұрған мешіт үйін бұзып, шопан балаларына мектеп салдырудың еш сөкеттігі жоқ еді. Бұзылған мешіттің күйдірілген қызыл кірпіші мүйіші кетілмеген қалпымен ұзындығы 50 метр, ені 12 метр болатын зәулім мектеп үйін салуға толық жетті.
1953 жылдары басталған мектеп құрылысын жүргізу аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мекемесіне жүктелді. «Қарақ» бастауыш мектебін салуға 320 000 сом жұмсалды» деп көрсетеді мекеменің басшысы Боқанбай Медешов сол кездегі газет беттерінде.Боқанбай ақсақалды мен көргенім жоқ. Бірақ мектеп құрылысына қатысқан Жосалы кентінің тұрғыны (қазір марқұм боп кетті) Совет Жұмағалиев деген кісінің:
– Ол кезде 17 жаста едім. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына жұмысқа орналасқан кезім. Ақжар, Ленин атындағы совхоздардың алыс мал жайылымындағы малшы балаларын оқыту үшін Ерімбет деген жерде мектеп-интернат үйі салынып жатыр. Соған есік-терезе салып, еденін саласыңдар, – деп бастығымыз Боқанбай Медешов деген кісі 4 жігітті бір жарым тонналық «полуторка» деп аталатын машинамен, құрылысқа қажетті материалдарды тиеп, Ерімбетке өзі апарып тастады.
Бригадиріміз Ле Гай деген кәріс жігіті, жұмысшылар Миша деген грек, Толик деген орыс жігіттері және мен төртеуміз барғанда мектептің қабырғалары қызыл қышпен өрілген, төбесі жабылған еңселі ғимарат болған кезі екен. Біз өзіміздің комбинаттан даярлап апарған есік-терезелерімізді салдық. Даңғарадай кең төрт бөлмесі, тағы да бір-екі майда бөлмелері мен ұзын залы бар мектепті полдап, 1954 жылы август айында оқу басталар алдында бітіріп бердік. Сол кезде Ерімбетте 5-6 үй бар екен, қалғандарын ұмыттым, Әбдіраш Өмірбаев деген кісі рацияда, әйелі Берен сол жерде салынған дүкенде жұмыс істейді екен. Соңына таман терезе шыныларын салуға Яшка деген ұлты неміс кісі барды. Шыны қиюға өте шебер бұл кісінің 5 түрлі шыны кесетін құралы болушы еді. Кескені кескендей қиылып, шыныдан ысырап жасалмайтын. Бірде «Дядя Яшка былай кеседі» деп шыныға әлдебір сурет салғандай шимайлап, астынан түртіп қалғанда бөлінген шыныдан қыздың суреті шыға келіп, жағамызды ұстағанымыз бар» деген сөздерін өз аузынан жазып алған едім.
Иә, Яшка деген кісіні біз де көрдік. 1960-1961 жылдары Әбдуәли Бөлегенов Ақжар совхозында директор болып тұрған кезде ауыл ортасынан үлкен клуб салынып, көз тартатын ішкі безендірулерінің бәрі осы Яшка мен ерлі-зайыпты сылақшылар Людвиг Циммерман, Антонина Егоровналардың қолынан өткен. «Бұлардың қолы тимеген үй, не басқа құрылыстың ажары кірмейді» деп халық оларға ризашылығын білдіретін.Сонымен 1954 жылы пайдалануға берілген Ерімбеттегі мектеп Ақжар, Ленин атындағы совхоздың алыс мал жайылымындағы шопан балалары үшін сол жылғы қыркүйек айынан бастап 4-5 жыл жұмыс жасаған да 1960 жылдарға қарай жабылып қалған. Бізге белгілі деректер бойынша мектепке Дербіс Көздібаев ақсақал меңгеруші болып, Әбдіраш Өмірбаев, Әлибай Тілеуқабылов, Нажман деген кісілер сабақ берген.
1964 жылы Қуаңдария кеңшарының жаңадан құрылуымен бірге Ерімбет шұңқыры да салынып, 4-5 жылдай бос қалған үйлердің «қайта өрлеу дәуірі» басталды. Орталықтан салынып жатқан мектептің осы жазда біте қоюы мүмкін болмағандықтан, Ерімбеттегі мектеп үйін жөндеуден өткізіп, осы күзде бала оқыту дайындығына кірісті. Әрі десе, бұл жерде бұрыннан 10 орындық аурухана мен еңселі дүкен болған бұрынғы ғимараттар аз-маз жөндеуден өткізілсе, биылғы жылдың өзінде оларды пайдалануға толық мүмкіндік бар еді.Сонымен Ерімбеттегі қызу тірлік басталып кетті. Осы жерде аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінің 1964 жылғы 15 тамыздағы санында жарық көрген қызыл отау меңгерушісі Қазтай Қанатов деген кісінің мектептің оқу жылына даярлығы жөнінде жазған «Ерімбеттегі мектепте» деген мақаласын оқырманға ұсына кеткен дұрыс деп шештім. Мақалада «Қуаңдария совхозының жұмысшы, малшы балалары оқитын сегізжылдық мектеп совхоз орталығынан тоғыз шақырым жердегі «Ерімбет» участогінде. Мектептің еңселі де кең 4 класс бөлмесі мен екі залы бар. Бұған қосымша үлкен бір бөлме интернат үшін арналған. Совхоз дирекциясы бұл мектепті жөндеуді ерте қолға алды. Ескі тақтай едендері қайта аударылып қағылды. Әрбір бөлмелер күрделі жөндеуден өткізіліп, іші-сырты сапалы әктелді. Есіктерезелері де ойдағыдай сырланды. Қазір жаңадан ашылған мектепке қажетті оқу құралдары тасылып жатыр» дей келіп, оқу жылы басталуға жақындап қалғанына қарамастан мұғалімдерге үй салынбаған, Шалғасқаттан қатынайтын балаларды мектепке тасымалдау үшін автобус көлігі шешілмеген деген сияқты мәселелерді көтерген.Шынында жақсы жөндеуден өткен күйдірілген қызыл қыштан тұрғызылған мектеп шалғай елді мекенде тұрғанына қарамастан еңселі әрі сәнді көрінетін. Ғимараттың іргетасы биік құйылып, түстік бетке қараған есіктің алдынан екі баспалдақпен жерге түсуге болатын еді. Ал терістігіндегі есіктің баспалдағы төбенің ойына қарағандықтан 6-7 басқыштан тұратын. Ғимарат төбенің етегіндегі шеге топыраққа салынғандықтан ешқандай ыза алмай таза тұрды. Тіпті келесі жылы мектеп Шалғасқатқа көшіп кеткеннен кейін де ұзақ жылдар бойы шаруашылықтың басқа кәдесіне жарап, кешегі 1990-жылдардың бас жағына дейін көктемде қаракөл, жаз бен күзде жүн жинайтын орын болып дегендей, жекелеген бөлмелеріне тұз, жем сақталып, шаруашылық қоймасына айналды.
Әрбір класс бөлмесіндегі және интернаттың жатын бөлмесіндегі есігі коридорға қарата салынған 7 құдықты жуан контрамарка пештері сексеуіл шоғының қызуымен таң атқанша жылу сақтап тұратын. Ол кезде шалғай елді мекендер тұрмақ аудан орталығына жақын жердегі ауылдардың барлығында да көмір тасып алып жағу ешкімнің ойына келген емес.Ал мектепке отын Жаңадарияның екі жағынан сексеуіл жинап, Тәшкенге жөнелтетін өзбекстандық мекеменің тракторларымен әкелінетін.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев