(Ғибратты оқиға)
Бір жігіт бастауыш сыныптағы өзінің ұстазын көшеден танып қалады.
Ол ұстазының қасына барады да:
— Сіз мені білесіз бе? Мен сіздің шәкіртіңіз болдым ғой, — дейді.
— Иә, сені үшінші сынып оқып жүрген кезіңнен білемін. Ал қазір немен айналысасың?
— Мен де ұстазбын. Сіздің маған әсер еткеніңіз сондай, менің де жас шәкірттерді тәрбиелегім келіп кетті.
— Солай ма? Менің ықпалым немен білінгенін білуіме рұқсат етші.
— Шынымен де есіңізде жоқ па? Мұны сіздің жадыңызда жаңғыртуға маған рұқсат беріңіз.
"Бір күні сыныптасым қолына ата-анасы сыйға тартқан әдемі сағат тағып келді. Ол оны шешті де, партаның тартпасына салып қойды.
Мен де осындай сағат болса екен деп талай армандайтынмын. Шыдай алмай кеттім де, оны тартпадан алып қояйын деп шештім. Кейіннен сол бала көз жасын көлдете сізге келіп, ұрлыққа шағым түсірді. Сіз біздің бәрімізге көз жүгіртіп өттіңіз де былай дедіңіз: «Осы балаға тиісті сағатты алып кетушіден сағатты қайтаруын өтінемін».
Мен қатты ұялдым, бірақ сағаттан айырылғым келмеді, сол себепті мойындамадым.
Сіз есікке барып, оны бекітіп қойдыңыз да: «Мен сендердің қалталарыңды тексеріп шығуға тиістімін. Бір шартым бар: барлықтарың да көздеріңді жабасыңдар» деп ескертіп, бәрімізді қабырғаның бойымен қаз-қатар тұруға әмір еттіңіз.
Сізге құлақ астық, мен сонда мұның өмірімдегі ең ұятты сәт екенін сездім.
Сіз оқушыдан оқушыға, қалтадан қалтаға жылжи бердіңіз. Менің қалтамнан сағат алған кезіңізде сіз қатардың соңына дейін жылжуды жалғастыра бердіңіз. Содан кейін: «Балалар, бәрі дұрыс. Көздеріңді ашып, орныдарыңа отыра беріңдер»- дедіңіз.
Сіз сағатты иесіне қайтардыңыз да, осы жағдай жайында бір сөз де айтқан жоқсыз.
Сол күні сіз менің арым мен жанымды құтқарып қалдыңыз.
Сіз мені ұры, суайт, көргенсіз деп айыптап, атыма кір келтірмедіңіз. Сіз тіпті осы жайт туралы менімен сөйлесуге бел бумадыңыз да.
Уақыт өте келе себебін ұқтым. Өйткені сіз шынайы ұстаз ретінде әлі қалыптаспаған жас шәкірттің ар-ұжданына кір келтіргіңіз келмеді. Осы жағдайдан кейін мұғалім болуға құштарлығым оянды."
Осы хикаяның әсерінен екеуі де үнсіз қалды.
Артынша жігіт былай деп сұрады:
— Мені бүгін көрген кезіңізде осы жайтты еске түсірген жоқсыз ба?
Қарт ұстаз былай деп жауап қайырды:
— Істің мәнісі мынада: қалталарды мен де көзімді жауып тінтіп шықтым.
• Авторы белгісіз.
~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~
Аударған: Арман Шайкен.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 7