Арыстан баба Тұран даласына келгенде оны ешкім танымапты. Киімі тозып, алба-жұлбасы шыққан екен. Темір етігі теңгедей, темір аяғы тебендей болыпты. Түрінен шошып, ел-жұрт үйіне қондыруға қорқады екен.
Көп қайыршының бірі деп ойлапты. Арыстан баба Ұлы Даланы аралап, талай шаһарды шарлапты. Көбіне далада қонады екен. Оның қонып, түнеген жері қадым жайға, қасиетті орынға айналады.
Бір күні Отырар даласына келіп, қаланы аралайды. Оған ешкім мән беріп қарамапды. Кеш батып қалған екен. Түнеп шығар жер іздейді. Қала шетіндегі ескі лашықтан өтіп бара жатқанда бір жігіт алдынан жүгіріп шығып, Қарияға сәлем беріп:
- Ата, үйге түсіп қонақ болыңыз, - дейді. Арыстан баб:
- Балам мені таныдың ба? Бейтаныс жанды қалай үйге қондырмақсың?-дейді.
- Әкем "Қырықтың бірі – Қызыр, мыңның бірі – уәли" деп айтып отыратын. Қызыр болмасаңыз да, шарапатты әулие шығарсыз. Жақсы адам қартайса ақсақалды абызға айналады, жаман адам қартайса, піспей қалған қауызға айналады деуші еді.
Жүзіңіз жылы екен. Түсі игіден түңілме деген. Оның үстіне іңір түсті. Қараңғыда қайда барасыз? Үйге қонып, қонақ болыңыз. Баспанам лашық болғанымен, қабағым ашық. Жыртық үйдің де Құдайы бар деген ғой. Біздің үйге түсініз!
- Бәрекелді, балам! Болайын деп тұрған бала екенсің. Тұрмысың кедей болғанымен, жан сарайың бай екен. Дегенің болсын! Баста жолды, - дейді.
Жігіт есікті ашып, Арыстан бабты төрге шығарды. Жігіттің жары қонақ келеді деп ойламаса керек-ті. Асулы тұрған еті болмаған соң сасып қалады.
Зыр жүгіріп төрге көрпе төсейді. Қырық жамау көрпесінен қысылып өліп барады. Ұялғаннан басындағы ақ жаулығын көрпешенің үстіне төсейді де:
- Ата, мұнда отырыңыз, - дейді. Арыстан баб әйелдің ниетіне риза болып:
- Балам, ақ жаулық басыңдағы байлығың ғой. Оны маған бола жерге төсеме. Мен патша емеспін. Жай ғана құдайдың қарабет құлдарының бірімін.
Маған жаман көрпе де жетеді. Ниетіңе ризамын. Құдай тілеуіңді берсін, - дейді.
Жігіт қорадан жалғыз лағын көрсетіп:
- Ата, батаңызды беріңіз. Қонақ келмегелі көп болып еді. Бізді кедей деп менсінбей көп кісі түспейтін. Мынау сізге атаған малым. Бата қылыңыз, - дейді. Арыстан баб:
- Құдай оңдасын, пайғамбар қолдасын. Бақ қарасын, Қызыр дарысын. Ниетіңе Тәңірі берекет берсін, - деп бата жасайды.
Ас желініп, сорпа ішілген соң сұхбат қылып біраз отырады. Арыстан баб сол үйде түнейді. Таңғы шайдан соң жігіт екі жасар ұлын әкеліп:
- Ақсақал, мынау тұңғышым еді. Есімі – Мансұр. Осыған ата болыңыз. Батаңызды беріп, аузына түкіріңіз, - дейді.
Арыстан баб бата беріп: "Мансұр Халлаждай Тәңірге ғашық болсын. Қожа Ахметтің шәкірті болсын!"- дейді. Шайдан соң Арыстан баб олармен қоштасып, сапарын жалғайды.
Осыдан соң жігіттің басына бақ қонып, Қызыр дарып, дәулетті жанға айналыпты. Баяғы Мансұр ержеткен соң Қожа Ахмет Яссауидің ең алғашқы шәкірттерінің бірі болыпты.
Арыстан баб маңдайынан сыйпаған соң, жұрт оны Арыстан бабтың баласы атап кетіпті. Арыстан баб дүниеден өтерде Жебрейіл періште:
- Уа, Арыстан сахаба, талай ел кездің, талай жер кездің. Мекке-Мәдинада жүрдің. Қасиетті Әл-Ақсада болдың. Қожа Ахмет туған Сайрамды да көрдің. Денеңді қай жерге жерлейік, - дейді. Сонда Арыстан баб:
- Отырардағы жаны жомарт бір жігіт есімнен кетпейді. Жалғыз лағын сойып қонақ қылып еді. Келіншегі астыма кимешегін төсеген.
Солардың адал ниеті мен ыстық ықыласы есімнен кетпейді. Бір күн ас бергенге қырық күн сәлем деген. Өлсем де пейілін ұмытпайын. Мәйітімді солардың үйінің іргесіне жерлеңдер.
Тәңірім ұлықсат етсе, оларды желеп-жебеп жатайын, - дейді. Оның соңғы сөзі Жебрейіл періштенің өзін ерекше әсерге бөлейді.
Кәрі сахабаның жүрегі мәңгілікке тоқтаған соң періштелер мүрдесін Отырарға апарып арулап жерлейді.
Ал Арыстан бабтың далада қонған қадым жайына да ел-жұрты құрмет көрсетіп, мазар соқты.
Халық онда да Арыстан баптың рухы келіп, жебеп жүреді деп сенеді. Қожа Ахмет Яссауи да осы оқиғадан тәлім алып тарихаттың әдебіне қонақжайлық тәртібін енгізген екен деседі.
"ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ" кітабынан.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев