Міндетті әлеуметтік сақтандырудың рөлі қандай?
- Ел дамуының әрбір кезеңіндегі әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі оның экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерімен айқындалды. Мемлекет халықтың әлеуметтік қорғалуына адамның туғанынан бастап өмірінің барлық кезеңдерінде кепілдік береді. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев айқындаған Қазақстанның стратегиялық даму бағытының іс жүзіндегі іске асуына сәтті жүзеге асырылған реформалар септігін тигізді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келетін, мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігін негізгі, міндетті және ерікті деңгейде бөлуді көздейтін көп деңгейлі моделін құрды.
Базалық деңгейде Қазақстан азаматтары еңбек етуіне қарамастан, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік көмек алады.
Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандарттарына көшу халықаралық тәжірибеге сәйкес 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік тәуекелдер туындағанда әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстары жұмыс берушілер, дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалар төлейтін әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптасады.
Ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің шегіндегі табысынан төлейді. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен төленеді.
Әлеуметтiк қауiптер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтiк төлемді тек жұмыскер, ал қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерi ғана алушы болып табылады. Осылайша, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде еңбекке қабілетті халық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және МӘСҚ-нан қосымша әлеуметтік төлемдер алады.
2005 жылдан 2021 жылдың қазан айын қосқанда шамамен 6 млн. адам 1,8 трлн. теңге сомасында МӘСҚ-нан әлеуметтік төлем алды. Осы соманың 86,3% - жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге байланысты табысынан айырылған жағдайына, 6,6% - еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына, 4,3% - асыраушысынан айырылу жағдайына және 2,7% - жұмысынан айырылу жағдайына төленген әлеуметтік төлемдер.
- Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген 16 жыл ішінде қандай өзгерістер болды?
- 2005 жылдан бастап МӘСҚ-нан үш әлеуметтік тәуекел: еңбекке қабылеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер жүргізілуде.
2008 жылдан бастап Мемлекет басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» халыққа Жолдауы аясында жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларға әлеуметтік төлемдер енгізілді.
Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуін арттыру және еңбек ынтасын арттыру мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жетілдірілуде. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы байланысты күшейтуді, сондай-ақ төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын әртүрлі коэффициенттердің ұлғаюын көздейтін жаңа редакцияда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілді.
Нәтижесінде МӘСҚ-нан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері еңбекке қабылеттіліктен айырылу бойынша – 68%-ға, асыраушысынан айырылу бойынша – 43%-ға және жұмысынан айырылу бойынша – 88%-ға өсті.
Осылайша, жұмыс берушiлердiң ай сайынғы әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және толық төлеуi жұмыскерлерді әлеуметтiк тәуекелдер туындаған жағдайда барабар әлеуметтiк төлемдермен қамтамасыз етедi.
Айта кету керек, еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіргенге дейін немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жүзеге асырылады. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем – асырауындағы балалары кәмелет жасына толғанға дейін немесе олар күндізгі бөлімде оқитын болса 23 жасқа дейін төленеді.
Осы ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің инфляциялық процестерге байланысты құнсызданбауын қамтамасыз ету үшін олардың мөлшері МӘСҚ активтерінен жыл сайын ұлғайып отырады. 2022 жылдан бастап бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер 5 % өседі.
- Міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары мен перспективалары қандай?
- Халыққа қолжетімді және ыңғайлы мемлекеттік қызметтерді көрсету әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдығы болып табылады. Егер бұрын әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде тиісті әлеуметтік көмек алу үшін тұрғындар әртүрлі анықтамалар жинауға мәжбүр болса, цифрлық технологиялардың дамуымен төлемдерді «бір терезе» қағидаты негізінде жүзеге асыруға болады, яғни бір мемлекеттік органға хабарласу арқылы Сіз басқа тиісті органға әлеуметтік төлем алуға өтініш бере аласыз.
Мысалы, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде мүгедектік дәрежесін белгілеу кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен МӘСҚ-нан төленетін еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге де өтініш беруге болады.
Сондай-ақ, егер адам жұмысынан айырылған болса, онда Жұмыспен қамту орталығына немесе «Электрондық еңбек биржасына» жүгінген кезде ол жұмыссыз ретінде тіркеле алады және осы жерде жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемді МӘСҚ-нан алу үшін құжаттарды ресімдей алады.
Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, 1 жасқа дейінгі баланы күту және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін үйден шықпай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы ( egov.kz ) арқылы өтініш бере аласыз.
Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі – «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, ол азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне тез және тиімді жауап беруді көздейді.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің дамуымен қазіргі уақытта МӘСҚ-нан әлеуметтік төлемдер тағайындау қызметтері ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы SMS хабарламаны растау арқылы өтініш берушінің келісімін алумен проактивті нысанда да көрсетіледі.
Ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік қауіп туындаған кезде азаматтар әлеуметтік көмекке жүгінбейді, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қажетті қызметтерді автоматты түрде көрсетеді. Осылайша, азаматтар әлеуметтік қолдауға құқықтарын дәлелдемейді.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстанның жұмыспен қамтылған халқын қосымша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық қатынастардың ең маңызды және қажетті элементіне айналды.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтары адами капиталды дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру болып табылады.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев