Көкжиектен алакеугім сәуле тарағанда, Сейіт көзін уқалай орнынан ұшып тұрды. Ұйқылы-ояу жан-жағына қараса, таң қараңғысында әкеліп иірген жылқылары ұшты-күйлі жоқ. Қарсы алдындағы дөңнің арғы жағынан бай ауылының төбесі қарауытып көрінеді. Іле өзі жатқан сай табанын сығалады. Жөңкіле шұбырып, қырға өрлеген жылқы табанынан шыққан тозаң, жым-жырт желсіз тымықта жерден көтеріле алмай бозамықтанып тұр екен. Жүгіре басып сай табанына түсті. Кері ат қайда? «Ай, қырсықты қарашы! Аштан өлетіндей жамандатқырды несіне тұсай қойдым? Өремен ілбіп жылқы соңынан кеткен де». Сейіт қатты өкінді.
«Таң ата жылқыны ауылға құлат! Қысқы мініс аттарды іріктеп қыстауда қалдырамыз» - деген еді кеше кеште Кенжебайдың баласы Әлсейіт. Бұл атына мінерде тағы да нықтап, «Байқа, уақытында жылқы осында болсын! Әкейдің, білесің ғой, сылбырлықты жаны сүймейтінін» - деп ескерткен. Енді қарашы, қас қылғандай, әдейі «таң біліне іргеден шыға қояйын» - деген оймен ауылдан бір белдің астындағы Ащылысайға иірген жылқы, көзі ілінгенде шыбындап кетіпті. Сейіт жылғаны өрлеп көп жер барды. Жылқы қарасы көрінбейді.
Билік тізгінін ұстауды Атбасардағы орыс байларынан үйренген Кенжебай, шындығында да малшы, жалшының бір айтқанын екі еткенін жақтырмайтын. Өзі мырсетпе, тұңғиық үндемегенімен, баласы Әлсейітке ескертсе болғаны. Ол күні ертең-ақ жылқышылықтан қуып шығуға бар. Мына аласапрын заманда кәсіп те жоқ. Әйтеуір, Советтің арқасында ақыны жөндеп алып тұрғанда, Сейіттің жылқышылықтан айрылғысы келмейді-ақ. Ол жүгіріп жүріп екі-үш белдің астын сүзіп өтті. Тым-тырыс. Сірә, жылқылар бұл көзін іле жосып кеткен болды. Шамасы , кәзір алыста жүр. Сейіт састы. Жаяу қайда барсын. Айналсоқтап ауылға бұрылды.
Ортадағы ақ үйді қоршай, шашырап тігілген үйлер саны әжептәуір. Әріректе Кенжебайдың Еспенбеттегі қыстауы байқалады. Қызыл кірпіштен салынған үйлері еңселі, биік. Ақ үйдің алдындағы кермеде үш ат байлаулы. Тани кетті; екеуі – Кенжебайдың алысқа мінетін жарау торылары, шеткерек тұрғаны – Әлсеиіттің жаңа үйретіп, мініп жүрген көк дөнені. Алтыбасардағы Шодырдың көк айғырының тұқымы. Ол айғырды іштен, алыстан алдырған. Қаз мойын көк дөнен басқа аттардан биік, есік пен төрдей тұрқы ұзын.
Айнала бозамықтанып, көк жиектен қараңғылық түріліп барады. «Енді біраздан кейін шапанын жамылып Кенжебай далаға шығады. Жылқыны көрмеген соң, Әлсейітті оятады» - деген ой Сейіт жүрегін түрткілей берді. Ол киіз үйге таяп келіп, біраз тұрды. Еш дыбыс естілмейді.Шеткерек үйден біреу шықты. Көшектің Жәмелі екен, аржақтағы кедей жігіт. Бірақ көп тұрмай, есінеп алып, қараша қосына қайта кірді. «Қой, тұра бергенде не бітірем? Одан да көк дөненмен жылқыны қуып келейін. Байдан кешірім сұрармын» деп, Сейіт кермедегі аттарға жақындай түсті. Ауылдан шыққанша дүбірлетпей, бүлкіл аяңмен жүріп отырды. Бір бел астына түскен соң көк дөненнің басын еркіне жіберді. Қайткенмен, Кенжебай тұрағанша жылқыны ауылға құлату керек. Жер таныс, жылқының өрісі өзіне белгілі. Қубас адырдаға Қарақоғаға төтелей тартып келеді. 10-15 шақырымдай жер. «Бар ма, жоқ па?» дегендей, көңілі құрғұры дауаламай Қубастыс басына шығып та қарады. Ойлағандай, қалың жылқы Қарақоғаның жел жағындағы өртеңде жүр екен. Сейіт жылқыға жаудай тиді...
Сейіттің Кенжебай жылқысын баққанына аттай 12 жыл толыпты. Анау дүрбелең алдында кірген еді. Содан бері бірін – екі, екісін асырып келеді. Кенжебай тұқымынан көрген зәбірі де бар. Сонда да «оларға болмасын» демейді.
«Қосшы» комитеті: «Ақы даула, ала алмай келе жатқан еңбегің бар» дегенде «Құдай өз маңдайыма берсін, біреудің ырысын тартып алмаймын» - деп, міз бақпаған.
...Әне, көз жетер жер анық көрінеді. Бұл – таң атты деген белгі. Үйінен Кенжебай да шықты. Қалың жылқы ауыл алдындағы қырқаға иек артты. Одан бұрын Әлсейіт тұрыпты. Қасында Сауырықтың Жансебілі, өзінің інісі Әлмүсреп жүр. Соңғы екеуінің астында – жүйрік торылар.Жылқы көрінгеннен-ақ тура Сейітке қарай тартты.
- Әй, ит, көк дөненді неге мінесің? – деді Әлмүсреп анадайдан. Өзінен 3 мүшел кіші баланың «ит» деуі жанына батса да Сейіт;
- Қарағым, аты құрғырымды таба алмай, кешір енді – деп міңгірледі.
Әй-гүй жоқ , қасынан өте бере Жансебіл оны қамшымен тартып өтті. Әлмүсреп те бастан асыра соғып қалды. Оның қамшысымен Сейіттің тымағы кете барды. Сейіт дөненді тебініп қалып, араша сұрай жаяу келе жатқан Әлсейітке қарай шапты. Арттағылар соңынан түсіп берді. «Қарағым араша, араша» - деп бай баласының жанынан өте берді. Әлсейіт қолындағы қыл арқан бұғалақты сілтеп қалып, Сейіттің мойнына дәл түсірді. «Қарағым, мұның не?» - деп, беліне қарай сырғыған арқанды шығаруға үлгермеді. Шұбалаңдап созылған арқан керіліп барып , ат екпінімен тартқанда Сейіт жерге жалп ете түсті. Әлсеиіт арқанды артта шауып келе жатқан Жансебілге бере қойды. Ол арқанды іліп алып, тақымға басты да Сейіт денесін ауыл сыртына дейін сүйретіп тастады...
Сәске түс. Сейіт жанына әйелінен басқа, ауылдан ешкім келмеді. Балалары жас, үйде. Жерге тиіп бет-ауызы жыртылып, домбығып кеткен. Жамбасын баса алмай, әйеліне сүйеніп қараша үйіне қарай сүйретіліп келе жатқанда ғана, Сауырық молда анадайдан бұрылып, «мал ашуы – жан ашуы, ештеңе етпес» - деді.
Сейіт тоқтап, ісінген бетін жоғары көтеріп,сығырайған көзімен тесіле үңілді. Ауырмайтын денесі жоқ. Тістеніп тұрды да Суырыққа қарап, «тфу» деп қара қан аралас түкірікті атып тастап, ілби берді. Тағы да «Қосшыға » арыз жаз дегендерді тыңдамады. «Қосшы», Совет ұйымдары бар 20 шақырым жердегі Алтыбасарға бармастан, Қарасудағы кедейлерден көлік әкеліп, көшті де кетті. Кетерде қоштасуға келген Жәмелге: «Біз адасып жүрміз, мыналар қасқыр емес пе? Кезі келсе бір-бірлеп талап жейді.Тұқымымен құрту үшін Советке қосылу керек екен» - деді.
Көп ұзамай дүбірлеген конфискенің жылы да келіп қалды. Алдымен атқа қонған Сейіт болды. Бұл дүбірді бұрыннан сезіп жүрген әккі Кенжебай асыл тұқымды жылқыларды тамыр-таныстарына таратып жіберген. Қара малды топ-тобымен базарға айдап: «Қазір байыйтын заман емес, шаруашылықты дөңгелетуге айналдым. Байдың кедейден несі артық» дейтінді шығарған.
Болкомнан адамдар шығып, кедейлердің басын құрағанда Кенжебай жылқысы 150-ден аспады. Біреулері: «Кенжебай бай емес. Конфискеге легу үшін жылқы саны ең кемі 300 болу керек» - деп жөн айтты. Ал алыстан келген өкілдер : «Былтырғы тізімде жылқының кемі 1000 емес пе, қайда жібердің?» -деп Кенжебайды қысты. Оған қысылар Кенжебай ма? «Ел мінді, төл өспеді, шаруашылыққа қарамадық» дегенді шұбыртып барады.
-Ау, өкіл сөзің шын болса, Кенжебай жылқысын мен табамын – деп, шекпенінің екі етегін беліне қыстырған жадау кедей шыға келді ортаға. Жұрттың көзі тегіс сонда. Баяғы Сейіт. Кенжебай ернін тістеп тұрып, қасындағы Әлсейітке алара қарады.
-Ондайың болса манадан айтпайсың ба? Мына жылқыдан таңдағаныңды мін де, аттан – деді болкомның төрағасы Жақайдың Жарасы.
Сейіттің көзі жайнап жүре берді. Иіріліп тұрған жылқыға таянды. Орта кезінде басқалардан шоқтығы шығып көк дөнен тұр екен. Көпшілікке қарады. Кімде бұғалақ бар дегендей көзімен шолып шықты. Қыл арқанды Жансебіл қолынан көрді. Жүгіріп барып жұлып алды. Анау мұндайды күтпеді ме, қапелімде аңқиып тұрып қалды. Сол бетімен Сейіт бұқпаңтайлап барып, көк дөненге қарай қыл арқанды сілтеп қалды. Әдемі түсірді. Кедейдің керсені емес пе, жылқымен көзін ашқан. Көк дөнен орнынан қозғалмады.
-Қанафия, Жақып,Құлахмет сендер неге тұрсыңдар? Мініңдер Кенжебайдың торыларына. Еріңдер соңымнан – деді.
Былай шыға Сейіт: «Қанафия, тарт Сарықамысқа -60 шақырым. Жаңағы жерде Жәмел жоқ, дәу де болса байдың жылқысын бағып, сонда жатыр».
-Құлахмет, тарт Обалы көлге – 50 шақырым. Кенжебайдың құдасына соқшы. Ондағы Көпей, Шегенге менен сәлем айт.
-Мен өзім Үшқораға барам. Сәдуақас бұларға берілген адам. Менсіз ешкімге көнбес. Кенжебай осыларға бөліп отыр жылқыны. Жаңа «ел мінді» - деп отырғанын көрдің бе?
Келесі сәскеде қалың ел қайта жиналды. Ауылдағы 150 жылқыны, басқа малдарды кедей-кепшік қомақсынып тұр. Жұрттың бәрінің көзі Қубас адыр жақта. Жігіттер құласа сол жақтан көрінеді. Кеше Кенжебай үйінің мүлкі конфискеленген. Кенжебай сазарып, үндемей тұр. Дызалақтаған баласын қатты қайырып тастаған. Түске таман Қубастың арғы ойынан қою шаң бұрқ ете қалды.
-Әне, келе жатыр - деп шу ете қалды жұрт.
-Қарамы әжептәуір өздерінің...
-Е, 15 жыл баққан малын Сейіт таппағанда, кім табады?
-Бұл тұқымның оған да көрсетпеген қорлығы жоқ-ау.
Қалың жұрт осылай гуілдесіп тұрғанда, жер-жерге бөліп қойған 350 жылқыны айдап Сейіттер оралды. Өкілдер іле тізім жасап жатыр. Кенжебай теңселе басып, жұрттың жылқы жағына шығып:
-Алыңдар, бәрін бөліп алыңдар. Арамнан жиналмаған, адал малым. Құдайдың салғаны шығар деп мырзасыды бай.
-Құдайдан қорқу керек, жамағат – деп даусын бір созып қойды Сауырық молда.
Осы кезде:
- Әй, сенің нең адал? Басқан ізіңе дейін арам. Мына мені білесің бе? Адал тер менікі – деген Сейіт даусы саңқ етті. Ол құшағын кең жазып: Сосын адал тер мына кедей-кепшік бәріміздікі дегенде:
- Рас айтады. Осы маңда Кенжебайға жалданбаған адам кем – деп ел Сейіт сөзін көтеріп әкетті.
Халық дүмпуін өкіл басты. Қолындағы тізімін оқи бастады.
- Бірінші Байсақал ұлы Сейіт -1 ат, 1 бие, 1 сиыр, 3 қой.
Сейіттің маңдайынан тер бұрқ етті. Алдымен тап өзін атар деп ойламаған. Бір сәт; «Алсам ба, алмасам ба, ит те болса кеше асын ішіп едім» - деп бір толқыды. Үндемей, көзін сығырайтып тұрғанда көз алдына Әлсейіт, Әлмүсреп, Жансебіл елестеді. «Не жазығым бар еді, итше сүйрететін»
-Байсақал ұлы Сейіт – деді өкіл тағы да.
-Мен мұнда – деп көп ортасынан суырылып шыға берді Сейіт.
-Ұста өз қолыңмен ...
-Көк дөненді ал – деп дауыстады Қанафия.
Сейіт толқып тұрып барып, қаңтарулы тұрған көк дөненнің шылбырын ұстады. Шын шешімге келген көп қоя ма, Кенжебай малын күн еңкейгенше-ақ таратып алды. Қанафия, Әбіл, Қамза, Сейіт болып, Қарасудағы жігіттер малдарын бірге айдамақ. Және жолда тұрған Кенжебай ауылының үстінен тоғытты. Ауылдың орта тұсында қолын артына ұстап Кенжебай теңселіп жүр. Қасында Әлсейіт, Әлмүсреп, Сауырық, Жансебіл. Бұлар ертең жер аударылмақ. Милиционер Жалпақтың Хасені ақ үйден оларды мана шығарған. Сейіттер жандарынан өтіп бара жатқанда:
-Қара сирақтар, саспаңдар әлі де сендерден мен артық боламын ,- деді булығып Әлсейіт.
Сейіт көк дөненді тебініп қалып, жетіп барды қасына. Қамшысын білеулеп көтере бергенде Қанафия оның қолын тежеп:
-Қайтесің. Бұлардың енді уы, зәрі жоқ, тек күпініс қана. Өз істегенін өзіне істеме, иттігі өзімен кетсін - деп араша түсті.
Сейіт сәл айналып, атының бпсын бұрды да , жүре берді. Сол көтерген қолын түсірместен, қайта екпіндете жоғары созып, шырқай жөнелді.
Конфискеден алып міндім көк дөнен,
Көңіл шіркін көтеріңкі өзгеден...
Шу дегенде шырқау биікке көтеріліп, аяғы қоңырлата , желпіне кететін ән ырғағына салыпты. Екі езуі екі құлағында, күліп барады, екі көзінен жас парлап барады. Теңдікті бұлай аламын деген ой есіне келіп пе? Үшінші, төртінші жолды:
Кедей-кепшік, батрақтар қол қойып,
Жер аудардық Кенжебайды іргеден – деп барлық ауыл жігіттері іліп әкетті...
Осы ән қайта-қайта айтылып , Қарасуға жеткенше бір толастамады. Көк дөнен шын иесінің астына түскенін сезгендей, ойнақшып, аршындай басып желе аяңдап барады.
Ахметхан Байжан.
«Торғай таңы» 06.11.1975 жыл
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 1